Қазақстан — стратегиялық байлықтар мекені. Елімізде сирек кездесетін кен орындары анықталды. Бұл Қазақстанды минералдық державаға айналдырады ма? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Елімізде мемлекеттiк геологиялық барлау бағдарламасының ауқымды кезеңi аяқталды. Бұл бағдарлама 2 миллион шаршы километрден астам аумақты қамтыған. Яғни, жоспарланған территорияның 91,6%-ын құрайды. Нәтижесінде сирек жер металдарының, мыстың, никельдің, қоңыр көмірдің және алтынның ірі қорлары анықталды. Бұл еліміздің шикізат саласын жаңғыртып, инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады дейді мамандар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитетінің мәліметінше, соңғы алты жыл ішінде жүргізілген геологиялық зерттеулер төрт негізгі бағытты қамтыды: геологиялық қайта зерттеу, минерагендік және терең карталау, сондай-ақ гидрогеология. Зерттеулер 112 негізгі нысанда жүргізілген, оның ішінде стратегиялық маңызы бар болашақ игеру аймақтары да бар.
Зерттеу нәтижелері:
• сирек жер металдары — 2,6 миллион тонна;
• мыс пен никель — 3,7 миллион тонна;
• қоңыр көмір — 1,1 миллиард тонна;
• алтын — 19 тонна.
Сондай-ақ Арал ойпаты шегінде көмірсутектердің 266 миллион тонна көлеміндегі өндірілетін қоры расталды.
Қарағанды облысындағы сирек жер элементтерінің ірі кен орнының ашылуы ерекше бақылауда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, бұл аймақта 1 миллион тоннаға дейін церий, лантан, неодим және иттрий табылған. Кеннің тереңдігі — 300 метрге дейін, ал сирек жер элементтерінің орташа мөлшері тау жынысының бір тоннасында 700 граммды құрайды.
Аталған ашылулар Қазақстанның стратегиялық ресурстар өндіру саласындағы әлеуетті көшбасшы ретіндегі позициясын күшейтіп қана қоймай, орнықты даму, экспорт көлемінің артуы, жоғары технологиялы инвестициялардың тартылуы және елдің экономикалық қауіпсіздігінің нығаюы үшін маңызды рөл атқармақ.