Бұл шешім нақты деректерге, жаңартылған болжамдарға және инфляциялық тәуекелдердің балансына жүргізілген талдау негізінде қабылданды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ақпаннан кейінгі тұрақтылық
Мөлшерлеме биылғы наурыз айында күрт көтерілгеннен кейін алғаш рет өзгеріссіз қалдырылды. Ол кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 125 базистік тармаққа көтеріп, нарықта күтпеген реакция туғызған еді. Мұндай қатаң шешімдер ақша-несие саясатының болжамдылығына қатысты сұрақтар тудырды.
Наурыз айында теңге бағамы біршама тұрақталғанымен, инфляциялық қысым жоғары деңгейде қалуда. 2024 жылдың соңындағы ұлттық валютаның әлсіреуі, импорт бағасының өсуі және реттелетін қызмет тарифтерінің жоспарлы түрде көтерілуі 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жылдық инфляцияны 10%-ға дейін жылдамдатты. Айлық инфляция баяулағанымен, өткен жылғы сыртқы және ішкі күйзелістердің әсері әлі де сезілуде.
Теңге бағамын не қолдап тұр?
Теңге бағамының салыстырмалы тұрақтылығына бірқатар факторлар ықпал етуде. Атап айтқанда:
— шетел валютасына деген сұраныстың бірқалыпты болуы,
— Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің көлемі,
— квазимемлекеттік сектор тарапынан экспорттық табыстың бір бөлігін міндетті түрде сату талаптары.
11 сәуірдегі жағдай бойынша валюта бағамы:
АҚШ доллары: 513 (сатып алу) — 515,8 (сату)
Еуро: 575 (сатып алу) — 584 (сату)
Ресей рублі: 5,98 (сатып алу) — 6,1 (сату)
Сәуірдегі әлсіреуге не себеп болды?
Бағаның ауытқуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі — Дональд Трамптың тарифтік саясаты. Нарықтардағы тұрақсыздық аясында ол жариялаған 90 күндік тарифтік жеңілдік шикізат бағасының өсуіне және теңгенің долларға шаққандағы бағамының нығаюына ықпал етті.
Президент не дейді?
«Қазіргі әлемдік оқиғалар жаһандық экономикалық дауылдың бастауы болуы мүмкін. Көптеген сарапшылар соңғы онжылдықтардағы ең күрделі дағдарыстың таяп қалғанын айтып отыр. Елдер арасындағы тарифтік текетірестердің салдарынан өндірістік және сауда тізбектері үзіліп, нарықтар құлдырап, шикізат бағасы құбылып тұр. Бұл жағдай, сөзсіз, Қазақстан экономикасына да әсер етеді. Иә, қазіргі таңда жоғары тарифтерге 90 күндік мораторий жарияланған, дегенмен нарық әлі де тұрақсыз. Сондықтан біз осы экономикалық дауылдың салдарын еңсеру бағытында нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Дегенмен, ешқандай үрейге негіз жоқ деп есептеймін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.