Бұл жолы нақты әрекеттен гөрі, күтудің басым болары анық, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Еске салсақ, наурыз айында реттеуші базалық мөлшерлемені күтпеген жерден 16,5%-ға дейін (+125 б.п.) күрт өсірді. Бұл шешім қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі, теңге бағамына қысым және инфляциялық серпіліс аясында алдын ала қабылданған қадам ретінде бағаланды. Дегенмен, сол кезде-ақ Ұлттық банк бейтарап ұстаным білдіріп, «бақылап, талдау жүргізіп жатырмыз» деген сигнал берді.
Мөлшерлемені сақтап қалудың негізгі себептері:
— ҚҚС-қа қатысты қоғамдық талқылауларға қарамастан, халықтың инфляциялық күтулері тұрақтала бастады.
— Азық-түлік бағасының жаһандық деңгейде төмендеуі жалғасып жатыр (FAO деректері бойынша бұл қатарынан үшінші ай), бұл ішкі бағаның да өсу қарқынын тежеуі мүмкін.
— Наурыздағы шешімге банк секторынан жауап әлі толық байқалған жоқ: Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, депозит мөлшерлемелерін қайта қараған банктердің үлесі әзірге 25% шамасында – яғни алдыңғы қатаңдатудың әсері әлі толық таралмаған.
Мөлшерлемені көтеруге негіз болатын факторлар:
-Нақты инфляция екі таңбалы деңгейде сақталып отыр, бұл халықтың күтуіне және депозиттердің нақты табыстылығына кері әсер етуде.
-Теңге бағамы әлсіреуде: мұнай бағасы $64-тен төмен түсті, рубль де әлсіреді, ал сауда соғыстары экспортқа бағытталған валюталар үшін қосымша тәуекелдер туындатып отыр.
Нарық не күтуде:
Halyk Finance базалық мөлшерлеме сақталып, жылдың соңына қарай біртіндеп 15%-ға дейін төмендейді деп болжайды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасы бойынша сарапшылардың 75%-ы мөлшерлеме өзгермейді деп санайды
“Интерфакс-Қазақстан” агенттігі сұхбаттасқан мамандар екі ықтимал сценарийді атап өтеді: не Ұлттық банк қазіргі мөлшерлемені сақтап қалады, не болмаса оны тағы да көтереді.
Нарық қазіргі жағдайда тұрақтандыруға бағытталған қадам күтуде.
Ұлттық банк 16,5% деңгейіндегі мөлшерлемені сақтап қалуы – наурыздағы қатаңдатуды нарықтың толық «қорытуына» мүмкіндік беріп, келесі шешім жөніндегі талқылауға екінші жартыжылдықта оралуы орынды болмақ.
Осындай күрделі жағдайда «үзіліс» – әлсіздік емес, керісінше, жоғары деңгейдегі белгісіздікке бейімделу мен мұқият икемделудің көрінісі.