Ұлттық қор қаржысын шетелдік компаниялардың құнды қағаздарына салуды азайту керек – Қайырбек Арыстанбеков - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұлттық қор қаржысын шетелдік компаниялардың құнды қағаздарына салуды азайту керек – Қайырбек Арыстанбеков

Ұлттық қор қаржысын шетелдік компаниялардың құнды қағаздарына салуды азайту керек – Қайырбек Арыстанбеков

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков Президент Жолдауының Ұлттық қор қаражатына арналған тұсының мәнін түсіндірді.

  • 2 Қыркүйек
  • 11
Фото - Caravan.kz

Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков Президент Жолдауының Ұлттық қор қаражатына арналған тұсының мәнін түсіндірді.

«Ұлттық қордың екі стратегиялық функциясы бар. Біріншісі – қысылтаяң заманда тұрақтандыру. Екіншісі – келер ұрпақтың игілігіне қаражат жинақтау. Өкінішке қарай, біздің Ұлттық қордың көбею жылдамдығын басқа елдермен салыстырсақ, өте төмен. Бұл енді Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне қойылатын сұрақ, басқарып отырған солар. Мысалы, Норвегияның ұлттық қорының жылдық табысы біздікінен екі есе көп.

Президент бұл Жолдауында Ұлттық қордың бір бөлігін сыртқа емес, ішке салу керек дегенді меңзеді деп ойлаймын. Банктерде ақша көп, бірақ олар экономиканы несиелендіріп жатқан жоқ. Мәселе сонда. Бірақ банк мемлекеттен тәуелсіз болғандықтан, экономиканы Ұлттық қор арқылы да қаржыландыру қажеттігі сөз болып отыр. Олар қазір тұтыну несиелері арқылы халықпен ғана жұмыс істеп жатыр. Ал өндіріске, инфрақұрылымдық жобаларға банктен бөлінетін несие аз», — деді сарапшы Kazinform тілшісінің сұрағына берген жауабында.

Оның айтуынша, қазір Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі шетелдік құнды қағаздар сатып алуға, акциялар мен облигацияларға, деривативтерге салынған.

«Оның пайызы төмен, яғни Ұлттық қор ақшасына қай компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек деп осыны меңзеді деп ойлаймын», — дейді экономист.

Қайырбек Арыстанбеков Ұлттық қордың ақшасын түгел ішкі экономкаға салу мүмкін емес екенін де айтады.

«Ұлттық қордың бір бөлігін жұмсау деп бекер айтып тұрған жоқпын. Қордағы бүкіл ақшаны экономикаға салу деген мүмкін емес. Өйткені бәрін экономикаға салсақ, макроэкономикалық тәуекелдер туындауы мүмкін. Олай болмау үшін экономикамыздың Ұлттық қордың қанша ақшасын қорыта алатынын, ол шамамен қанша сома екенін есептеп шығару керек. Қорыту қабылетінен көп ақша салынса, инфляцияның өршуі сияқты көптеген кері әсері пайда болуы мүмкін.

Экономикамыздың қорыту шегін анықтағаннан кейін Ұлттық қор ақшасын тек өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға ғана бөлу керек деп ойлаймын. Биылғы жағдайларға байланысты су жинақтап сақтауға бағытталған инфрақұрылымдарға салуға болады. Бірақ ол валюта нарығына түспеу керек, яғни бағаның көтерілуіне жол ашпауы қажет. Бұлар – Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің құзырындағы шаруа. Сол екі мекемеге жүктеліп отырған міндет деп ойлаймын», — дейді Ұлттық құрылтай мүшесі.