Шілде айының басынан бері доллар үнемі өсіп келеді. Бұл америкалық валютаның басқа да негізгі әлемдік валюталарға қатысты құнын көрсететін DXY индексінен анық көрінеді. Аталған индекс шілдеден бері 96,8-ден 98,6 пунктке дейін көтерілген. Экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси ахуалдың ушығуы жағдайында сарапшылар қазақстандық теңгенің одан әрі әлсіреуін болжап отыр. Толығырақ Caravan.kz медиа порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап жалғастырады.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, доллар бағамын болжау жорамал емес, көптеген айнымалыны талдауды қажет ететін күрделі процесс. Теңге динамикасына әсер ететін басты екі фактор бар. Сыртқы конъюнктура мен ішкі макроэкономикалық көрсеткіштер.
“Сыртқы фактор ретінде геосаяси тұрақсыздық пен АҚШ ФРЖ саясаты теңгеге қысым жасап отыр. Қазірдің өзінде әлемдік нарықтардағы құбылмалық күшейіп келеді, бұл саяси мәлімдемелер мен шешімдерге, сондай-ақ Қазақстан экспортына негіз болатын мұнай мен металдардың бағасына тікелей байланысты”, – дейді экономист.
“Ал ішкі жағынан алғанда, теңге инфляция, бюджет жағдайы, төлем балансы және ішкі сұраныс құрылымына тәуелді. Мемлекеттік шығындардың күрт өсуі немесе резервтердің қысқаруы сияқты кез келген шок бизнес пен халықтың күткен үмітіне бірден әсер етеді”, – деп түсіндірді ол.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, қаржы секторы сарапшылары тамыз айының басында доллар бағамы 523,4 теңге шамасында болады деп болжаса, алдағы 12 айда ол 548,5 теңгеге дейін өседі деп күтуде.
“Курс пен қалаулы курстың арасына теңдік белгісін қою қате. Ұлттық валюта – эмоциялық жайлылық құралы емес, ол экономиканың жай-күйінің көрсеткіші. Тұрақты бағамды жарлықтар емес, тиімді экономикалық саясат, реттеуші органдардың болжамды әрекеті мен институттарға деген сенім қамтамасыз етеді. Қалғанының бәрі тек сыртқы шудың көрінісі”, – деп түйіндеді сарапшы.
Экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, жыл соңына дейін теңге бағамы 550–580 теңге аралығына жетуі ықтимал.
“Бақылаулар көрсеткендей, теңге қазірдің өзінде 524,5 теңге деңгейіндегі маңызды кедергіден өтіп кетті. Бұл бұрыннан бері ‘қарсылық деңгейі’ ретінде қызмет атқарып келді. Ендігі ең жақын межеміз – 531 теңге, бұл деңгейге теңге шілде соңында не тамызда жетуі мүмкін. Бұл жыл басындағы шарықтау шегі, яғни өткен жылдың желтоқсанында доллар бағамы 533 теңгеге дейін көтерілген”, – деді сарапшы.
Егер 531 теңге деңгейі бұзылса, келесі меже – 550 теңге. Жалпы, сарапшылар жыл соңына дейін курс 550–580 теңге аралығында болады деп болжайды. Ал сыртқы ахуал нашарлаған жағдайда, 580 теңге деңгейі де шынайы шекке айналуы мүмкін.
Арман Бейсембаев теңгенің әлсіреуіне әсер ететін негізгі үш триггерді атады.
Біріншіден, бұл – әлемдік экономикалық тұрақсыздық. Әлемдік биржалардың құлдырауы, АҚШ, Еуропа немесе Қытайдағы дағдарыстар ұлттық валютаға үлкен қысым жасайды.
Екіншіден, Ресейдегі жағдай мен рубль бағамы. Қазір рубльдің нығаюы теңгеге аз да болса қолдау беріп отыр. Алайда Ресейдегі экономикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді, сондықтан билік рубльді 90–100 рубль аралығына әлсіретуге тырысуы мүмкін. Бұл олардың экономикасына тиімдірек көрінеді. Ал рубль күрт әлсіресе, теңге де оның ізімен құлдырайды.
Үшіншіден, Қазақстан бюджетінің тапшылығы. Биыл жоспарланған кіріс 15 трлн теңге, ал шығыс 25 трлн теңге көлемінде, яғни 10 трлн теңге тапшылық бар. Бұл тапшылықтың бір бөлігі Ұлттық қор есебінен жабылады, ал қалған 5 трлн теңге басқа жолдармен, яғни салықтарды өсіру және қарыз алу арқылы өтелмек. Осындай жағдайда теңгені әлсірету бюджет тепе-теңдігін сақтау құралына айналады.
Тағы бір маңызды фактор – мұнай бағасы. Бюджетке мұнай бағасы 75 доллар деп жоспарланған. Егер Таяу Шығыста немесе Ресей-Украина қақтығысында жағдай тұрақтанып, ОПЕК елдері өндіруді арттырса, мұнай бағасы 60, тіпті 50 доллардан төмен түсуі мүмкін. Бұл теңгеге қысымды күшейте түседі.
Салыстырмалы түрде айтқанда, Қырғызстан мен Өзбекстан валюталарына әсер ететін факторлар мүлде басқа. Олардың экономикасы басқа құрылымға ие, қаржы нарықтары дамымаған, капитал еркін айналымы жоқ.
Мысалы, қырғыз және өзбек сомы негізінен Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының ақша аударымына тәуелді.
Арман Бейсембаевтың айтуынша, бұл елдердің экономикасы үшін рубльдің мықты болғаны тиімді. Ал рубльдің әлсіреуі ақша аударымдарының азаюына байланысты олардың валюталарына да кері әсер етеді.
Сонымен қатар, Қазақстан бюджеттік тапшылық көріп отырса, кейбір деректер бойынша Қырғызстан бюджеттік профицитке ие. Бұл да ұлттық валюта бағамының тұрақтылығына әсер ететін фактор.
Сарапшының пікірінше, барлық көрсеткіштер теңгенің әлсіреуі жалғасатынын меңзейді. Жыл соңындағы нақты курс қандай болатыны рубльдің бағамына, мұнайдың әлемдік бағасына және жалпы экономикалық ахуалға байланысты болмақ.
Бүгін елордадағы айырбастау пунктерінде доллар 535 теңгеге дейін қымбаттады.