Теңгенің айырбас бағамында елеулі өзгерістер орын алатындығына негіз жоқ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен девальвация болуы мүмкін деген қауесеттерге қатысты түсініктеме бере кеткім келеді. Бұл жерде өткен жылдың тамыз айындағы жағдай мысалға келтіріліп жатыр. Теңгенің бағамы қазір қалыптасқан ішкі және сыртқы экономикалық факторларға жауап береді деп санаймын. Сонымен қатар, теңге бағамының Қазақстанмен тығыз сауда-экономикалық байланыс орнатқан әріптес елдердегі валюталармен және мұнай бағасымен ара-қатынасы теңгерімді жағдайда деуге болады.
Ақша-несие саясаты және төлем балансы тұрғысынан алып қарағанда, теңге бағамында қандай да бір теңгерімсіздік жоқ. Яғни, таяу арада теңгенің айырбас бағамында елеулі өзгерістер орын алатындығына негіз де, алғышарттар да жоқ», — деді Д. Ақышев.