Ұлттық банк шашу салты бейнеленген монеталарды шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұлттық банк шашу салты бейнеленген монеталарды шығарды

Ұлттық банк шашу салты бейнеленген монеталарды шығарды

Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.

  • 12 Желтоқсан 2017
  • 165
Фото - Caravan.kz

Қазақстанның Ұлттық банкі 2017 жылдың 13 желтоқсанында номиналы 500 теңгелік proof сапасымен "Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары" монеталар сериясынан және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан "Шашу" ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің Facebook желісіндегі  парақшасына сілтеме жасап.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнек аясында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін сан (күміс монетада "500", нейзильбер қоспасынан жасалған монетада "100") және "ТЕҢГЕ" деген жазу бар. Сол және оң жақ бөліктерінде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" және орыс тілінде "РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деген жазу бар. 

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ұлттық әдет-ғұрып — шашудың бір сәті және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бейнеленген. Жоғары бөлігінде айналдыра "ШАШУ" деген жазу, соғылған жылын білдіретін "2017" деген сан бар. Күміс монетада монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін "Ag 925 24g" деген жазу бейнеленген. 

Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры (гурты) бедерлі. Монеталар:

— 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, диаметрі — 37 мм, дайындау сапасы — "proof", ең көп таралымы — 3 мың дана;

— "нейзильбер" қоспасынан жасалған, диаметрі — 31 мм, массасы — 11,17 грамм, таралымы — 10 мың дана. Ескерткіш монеталарды "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.


Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

Proof сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталар жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, ал күміс монеталарды сондай-ақ «Монеталардың Интернет-дүкені» www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтының интернет дүкені арқылы сатып алуға болады.