Жарияланды: 510

Ұлттық банк төрағасы теңгенің одан әрі нығаю мүмкіндігін жоққа шығармайды

Теңге одан әрі нығайып, желтоқсан айында тіпті 1 АҚШ доллары үшін 146 теңгелік деңгейге көшуі мүмкін. Бұл туралы бүгін, 3-желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Қазір өзіміз куә болып отырғандай, теңгенің долларға шаққандағы бағамы барған сайын нығая түсуде. Ол 146 теңгелік деңгейге осымен үшінші мәрте жақындап отыр. Сондықтан желтоқсан айында да теңгенің одан әрі нығаю мүмкіндігі сақталады",- деді бас банкир. Г.Марченконың айтуынша, жалпы алғанда қараша айында еліміздегі валюта нарығында тұрақтылық сақталды. Теңгенің айырбас бағамы еркін өзгермелі күйде болды. "Біз тек сұраныс пен ұсыныстың ең шарықтау шектерін ғана қадағалап, өзгертіп отырдық",- деді ол. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, ұлттық валютаның айырбас бағамы қараша айында бір доллар үшін 146-147 теңге аралығында сақталды. Бір айда теңге 0,77 процентке нығайып, айдың соңында оның биржалық құны 146,63 теңгені құрады. Жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы номиналдық нығаюы 5,92%-ті құрады. Г.Марченконың хабарлауынша, Ұлттық банктің валюта рыногіне интервенция жасау мөлшері есепті мерзімде тым жоғары болған жоқ. Ұлттық банк қараша айының ішінде 23 млн.-ға жуық доллар сатып алды. Тұтастай алғанда екінші жарты жылдықтың бес айында (шілде-қараша айларында) Ұлттық банктің валюта рыногіндегі нетто-интервенциясының көлемі жалпы мөлшердің 4,5 процентін иемденді, ал алғашқы жарты жылдықта бұл көрсеткіш шамамен 30 процентке жеткен болатын. Сондай-ақ, Г.Марченко биылғы осы тенденция сақталған жағдайда 2004-жылғы бюджетте 153 теңге деңгейінде белгіленген индикативтік теңге бағамы қайтадан қаралады дегенді тағы бір дәлелдеді. Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, қараша айында биржалық операциялардың қосымша сауда-саттықтағы мәмілелерді қоса алғандағы көлемі қазан айымен салыстырғанда 37,9%-ке азайып, 404,2 млрд. долларға дейін төмендеді, яғни, 2002-жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 5,3%-ке өсті. Жыл басынан бері биржалық операциялардың көлемі 5,3 млрд. доллар болды. Биржадан тыс валюта рыногіндегі операциялардың көлемі қазан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 15,8%-ке азайып, 595,9 млн. долларды құрады, ал 2002-жылғы қараша айымен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайды. Банкаралық валюта рыногіндегі операциялардың көлемі жыл басынан бері алдын-ала мәліметтер бойынша 6,0 млрд. доллар болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін