«Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтарға менталитетіміз себеп»-республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтарға менталитетіміз себеп»-республикалық басылымдарға шолу

«Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтарға менталитетіміз себеп»-республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жаңа дағдарыстардың алдын алу мен кілтін табу өз қолымызда» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалаға сенбі күні Ресей­дің Санкт-Петер­бор қаласында болған ХV халықаралық эко­номи­ка­лық форумда көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, оған қатысып, сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні әлемнің дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне өтіп отырғанын айтқан және оның ерекшеліктеріне тоқталған, сонымен қатар әлемдік эко­номиканың қазіргі жандана ба­с­тауынан күтетін кейбір қауіп­терді де саралап өткен.

  • 21 Маусым 2011
  • 488
Фото - Caravan.kz

«Өткен жыл бюджеті өз дәрежесінде орындалды ма?». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде осындай тақырыппен берілген мақалада кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланған мәселелер қаузалған. Басылымның жазуынша, бірлескен отырыста алғашқы мәселе Конститу­ция­лық Кеңестің «Қазақстан Рес­публикасындағы конститу­ция­­лық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы ерекше тарихи оқиғаға — Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығына арналды. Сондай-ақ Үкі­меттің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2010 жылғы республикалық бюджет­тің атқарылуы туралы есептері де қаралған. Депутаттар Үкі­мет басшысына сауалдар қойып, тиісті жауаптарын алған. «Депутаттар өз тараптарынан қызу талқыланғанымен, бюд­жет­ті мақұлдады. Соңынан Парламент палаталарының Регламенті бойынша бірлескен комиссия құрылып, бірлескен отырыс өз жұмысын тәмамдады», — делінген мақалада.

***

Бүгін «Айқын» газетінде «Жолдан жемқорлықтың иісі шығады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда Алматы облыстық прокуратура органдары облыс аумағындағы жол мен жол қозғалысына қатысты саланы тексеру барысында көптеген жөнсіздіктің бетін ашқаны жазылған. «…Республикалық маңыздағы автокөлік жолдарының жыл сайын 587 шақырымының жол жабындысы (төсеніші) орташа жөндеуден өтуге тиісті. Алайда соңғы бес жылда жыл сайын оның 200 шақырымы ғана жөнделіп келген. Жыл сайынғы орташа жөндеу нормасы сақталмағандықтан жолдардың жабындысы жыл өткен сайын нашарлап, мүлде бүлінуге айналған. Қалыптасып отырған көлік жүктемесіне сай Алматы облысындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының барлығына жуығы қайта төсеуді қажетсінеді. Өйткені олардың дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған», — делінген мақалада. Мақалада облыс жолдарындағы көпірлердің техникалық жағдайы да оңып тұрмағаны айтылған.

Сондай-ақ осы газетте «Сенатқа кімдер келеді?» деген тақырыппен мақала басылды. «Тамыз айында Қазақстан Парламентінің он алты сенаторының аты-жөні анықталады. Алдыңғы бейсенбіден бері осы орындарға үміткерлерді ұсыну жалғасуда. Жоғары палатаға осы жолы кімдер жолдама алмақ? Қазірдің өзінде кейбір сенаторлар қайтара сайлауға түсуге әзір екендіктерін мәлімдеуде», — делінген мақалада үш мәрте Сенатқа өткен депутат Тасбай Симмабаев пен Халықаралық қауіп-қатерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың пікірлері берілген.

***

«Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында Балқаш көлінің тағдырына қатысты проблема көтерген. «Көлемі жағынан әлемде 13-орында тұрған Балқаш көлінің жағалауын мекен ететін 120-дан астьам құстың 12-сі Қызыл кітапқа енгізілген. Ал көл айдынындағы балықтардың барлық түрін де Қызыл кітапқа енгізуге болатын тәрізді. Себебі жыл сайын ластану деңгейі артып, табаны батпақтанып, айдыны зауыт қалдықтарымен уланған көлдегі балық атаулы күрт азайып барады», — делінген мақаладада. Мақала «Балқаштың бағын ашатын арнайы заң керек» деген тақырыппен берілген.

«Алаш айнасының» тұрақты «Дат!» айдары аясында Ө. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балалар физика-математика орта мектеп-интернатының директоры Қайрош Мақышевтен алынған сұхбат «Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтарға менталитетіміз себеп» деген тақырыппен жарияланды. Сұхбат берушінің пікірінше, уақыт өткен сайын ҰБТ-ның кемшіліктері азайып келе жатыр. Бірақ әлі де олқылықтарымыз бар, бұған біздің менталитетіміз себеп. Бізде, өкінішке қарай, бармақ басты, көз қыстылық пен дайын жауапты көшіру сияқты әрекеттер бар. Осы орайда ол: «Тест -ең дұрыс бағыт тек мұның формасын, форматын, ұйымдастырылуын заман талабына сай өзгертіп отыруымыз керек», — деген ой айтқан.

Соңғы жаңалықтар