Атап айтсақ, мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері Ұлттық комиссияның екінші отырысының қарауына «Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіліктер аясын шектеу және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жөніндегі 2005-2010-жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» жобасы шеңберінде кейбір ұсыныстар енгізді.
Жұмыс тобының төрайымы Дариға Назарбаеваның айтуынша, ұсыныстар түгелдей мемлекеттік басқару жүйесін жаңалаудың 2005-2006-жылдар аралығындағы бірінші кезеңіне қатысты. Атап айтсақ, олар мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының реестрін құру, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларының санын азайту, жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлері арасында коммуналдық меншік бөлісін аяқтау, мемлекеттік басқару органдарының жұмыс тиімділігін бағалау өлшемдерін айқындап қолданысқа енгізу, мемлекеттік қызмет пен тұрмыс сапасы стандарттарының біртұтас жүйесін құру, реформалардың бірінші кезеңінде әкімдер сайлауын ауылдық округ әкімдерінің сайлауымен шектеу, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізуді заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету турасында болмақ.
Д.Назарбаеваның айтуынша, қазіргі жағдаймен жұмыс тобы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің Қазақстан ахуалына сәйкесетін үш түрлі үлгісін бөліп қарастыруда. Біріншісі — жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің Еуропалық Хартия үлгісі. Ол жергілікті өзін-өзі басқару органдарының толыққанды автономиялық құқығы мен қаржылық тәуелсіздігіне негізделеді.
Ал екінші үлгі жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен аумақтық мемлекеттік басқару органдарының бір уақытта жұмыс істеуін меңзейді. Мұндай үлгі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті маңызы бар шаруашылық мақсаттарды шешуге арналған қаржыны өз бетімен табады. «ҚР үкіметі осы үлгіні жақтырып отыр»,- деді Д.Назарбаева.
Үшінші үлгі бойынша мәслихаттардың құзыреті аясын кеңейту, оларға бақылау функцияларын беру, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын осы мәслихаттар негізінде қалыптастыру көзделеді. «Жұмыс тобы мүшелерінің басым бөлігі осы үлгіні қолдап отыр»,- деді жұмыс тобының төрайымы.
Сонымен бірге, жұмыс тобы өкілдерінің пікірінше, 2005-2006-жылдарда жергілікті өкілетті билік органдарының ролін күшейтуге, ауылдық мәслихаттарды қалыптастыруға шаралар қолдану қажет.