Қызыл империяның бодандығынан басын азат еткен қазақ үшін дәл осы кадрлер баға жетпес байлық, рухани сілкініс. Өйткені өзгеге тәуелді қылмайтын тәуелсіз қазақтың төл теңгесі шықты. Міне Елбасы бума-бума теңгені қолына алып, көрмеген көпке көрсетуде. Қағаз ақшаны қалың қараша да қуана қарсы алды. Алайда бұл валюталар көп ұзамай айналымнан шығып қалды. Сөйтсек алғаш ақшамызды басқан Англия жиендік жасап кетіпті. Ұлттық валютаның алғашқы кескінін жасаған Тимур Сүлейменов қынжыла еске алады мұны.
Тимур Сүлейменов, алғашқы теңгенің дизайнері:
— Ұлыбритания патшайымы біздің теңгені үздік валюта ретінде алтын белгімен марапаттау туралы бұйрық шығарған. Дәл сол кезде ағылшындар қазақ валютасына деген барлық меншік құқығын заңдастырып үлгерді. Біз амалсыз бас тарттық сол кескіндемелерден.
Ағылшындар ауызды аштырып кеткесін амалсыз ақшаның кескінін өзгерттік. Жалпы 20-ға жуық келбет бердік төл теңгеге. Ал биыл ұлттық валютамыздың 20 жылдығына орай мерекелік тиындар басылды. Әр қаланың елтаңбасы бедерленгендер мен тек кәдесый үшін таратылатындары бар. Ең бастысы 20 жылдыққа 20 мың теңгелік жаңа банкноттар басылып шықпақ.
Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:
— Ендігі айда ол банкнотта шығады. Ол банкнот та Григорий Марченконың қолымен шығады. Меніңше ол саяси емес, тек техникалық мәселе.
Марченконың өзі қазір Швейцарияға көшіп кеткенін кеуде кере айтты, Қазақстанға тек қаржы ұйымдарына ақыл айтып ақшаларын әкету үшін келеді екен. Ал 1 жарым айдан бері Ұлттық банкке Келімбетов келгелі әлі көп нәрсе өзгере қоймапты. Дегенмен жаңа төраға несие беруде жұртты айтылмайтын астыртын пайыздық үстемақы қосып жүрген банктердің сазайынын беремін деп отыр. Аты барда заты жоқ бағдарламалар ашып қазақтың басын қатырған қаржы ұйымдары да енді ойына келген жарнамаларын жасауды сап тыймақ. Қайрат Келімбетов банктерге алданған жан болса алдымен Ұлттық банкке кеп шағымдануы керектігін де айтты, ескерусіз қалмақ емес ешбірі.
Бұдан бөлек, ипотека беруге қауқарсызбыз деген банктердің қызметін мерекеден соң майшаммен қарамақ екен Ұлттық банк. Өйткені олардың ешқайсысының аштықтан асқазандары шұрқырап отырған жоқ деді Қайрат Келімбетов. Соңғы сауал, Ұлттық банк Астанаға ауыса ма делінген. Астанаға еті үйренген шенді мұндай қадамға кетәрі емес. Алайда соңғы шешім Елбасының қолында деп жылы жапты.