Жарияланды: 350

Ұлы отан соғысының ардагері баспанасыз далада жүр

Қырғызстанда Ұлы отан соғысының ардагері темір үйшікті паналап, өлместің күнін кешуде. Жалғыз басты ақсақалдың баспанасын алаяқтар осыдан 3 жыл бұрын тартып алған. Содан бері Михаил Юркиннің арыз жазып бармаған жері, көмек сұрап қақпаған есігі жоқ. Биліктегілерден үміт үзген қария қыр астындағы қыста қатып қалмас үшін қоқыс аралап, жылу береді-ау дегеннің бәрін жинап жүр.

Қарт майдангердің мына темір дүңгіршекте тұрып жатқанына бірнеше ай болды. Бұған дейін қараусыз қалған қариялар тұрағын паналап келген. Бішкектің орталығындағы өз баспанасынан 3 жыл бұрын айырылыпты. Қарақшылар қамқоршысы жоқ жалғызбасты қарияны өлтіреміз деп қорқытып, далаға қуып шыққан.

Михаил Юркин, ҰОС ардагері

- Үш жігіт келді. Ішіп алған, қолдарында балталары бар. Үйді босатпасаң басың кетеді деді. Енді қаңғыбас иттің күнін кешудемін.

Содан бергі өмірін майдангер тозаққа теңейді. Сұрапыл соғыстан асқан азап болмайтын шығар деп ойлаған ол, бүгінде аштан өлмес үшін қоқыс жәшігін жағалауға мәжбүр. Былтырғы қыста үсіп екі аяғынан бірдей айырылып қала жаздаған. Биыл тағы сондай жағдай қайталанбасын деп  көшеден тапқанның бәрін үйшігіне сүйреп жүр. Іске жарамды дүние іліксе, сексеннің сенгіріне шыққан қария балаша қуанады.

Михаил Юркиннің бұрынғы баспанасының орнында қазір екі қабатты ғимарат тұр. 3 жылда үй 6 рет сатылымға түскен. Ал, қарақшылар қудалағанда баспанасының құжатын ала қашқан қарияның арызданып бармаған жері қалмапты. Бішкек билігі болса, ардагерінің далада қаңғып жүргенін жуналистерден естідім деп бет бақпайды. 

Иса Омарқұлов, Бішкек қаласының мэрі:

- Бүгін ертең баспана мәселесін шешеміз. Тұратын жерді тауып береміз. Ал қылмыстық істі біз соңына дейін жеткізуіміз керек.

Отан үшін отқа да, оққада кеудесін тосқан ардагер ешқашан мойыған емес. Ол әлі күнге өз үйіне қайта оралып, 3 жылғы азабын қорқынышты түстей ұмытып кетініне сенеді. Ал, биліктегілер баспана мәселесін шешем дегенше Михаил қария қытымыр қысқа өз бетінше дайындалып жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін