Атап айтқанда: жалайыр, қаңлы, албан, суан, дулат, шапырашты, сіргелі, шанышқылы, ысты, ошақты, сарыүйсін рулары. 14-15 ғасырларда аталған тайпалар Моғолстан мемлекетінің құрамында болып, тұтас этникалық. бірлестікке біріге бастады. 15 ғасырдың 2-жартысында Жетісуда Қазақ хандығының құрылуы Ұлы Жүз бірлестігінің қалыптасуын тездетті.
Жалайыр – ең көп қоныстанған жерлері Алматы облысының Сарыөзек, Талдықорған маңы мен Іле, Балқаш өңірлері. 1190 жылы Шыңғыс хан мен Жамуха арасында болған “он үш күрен шайқасында” жалайырлар Тэмужиннің бесінші күрені болып аттанады. Шыңғыс ханның әскери құрамында жалайырлар елеулі орын алды.
Қаңлы – бүгінде олар ОҚО-да , Сырдария бойында және Ташкент маңында көп шоғырланған. М. Тынышбаев «Қырғыз-қазақ халқының тарихына қосымшалар» деген еңбегінде «Қаңлы қытайларға кангюй атымен б. д. дейінгі II ғасырда мәлім болды» деп жазды
Албан – көне тайпалардың бірі. Негізінен Дулат одағына кіреді. Бүгінде олар Алматы облысында және Қытайда тұрады. Н.Аристов, Н.Гродековтың есеп-қисабына сілтеме жасап, XIX ғасырдың аяғындағы албандардың саны 15500 шаңырақ болғанын келтіріп, олардың негізінен Жетісу облысы, Верный, Жаркент уездерінде тұратынын атап кетеді.
Суан – қазақтың көне тайпаларының бірі. Саны жағынан аз. Негізінен Алматы облысында көптеп тұрады. Н. Аристов 19- ғасырдың аяғында Суан руы 4000 шаңырақ десе, М. Тынышбаев олар 1917 жылы 40 мыңға жетті деп нақтылайды
Дулат – Қазақ халқының құрамындағы саны жағынан аса ірі тайпалардың бірі. Дулат атауы тарихи деректерде өте ерте заманнан кездеседі. Олардың жиі ұшырасатыны –Дулу. Дулу тайпасы Сулу қағанның тұсында үйсінмен одақ құрады. 709 жылдан бастап Орталық Азияны жаулап алуға кіріскен сыртқы жауды 20 жылдан астам бөгеп тұрды. Бүгінде олар Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында көптеп шоғырланған.
Шапырашты – Үйісін құрамына кіретін ру. Олардың қазіргі мекені Алматы қаласы мен Іле Алатауы баурайы. Н. Аристов өз еңбегінде 19-ғасырдың аяғында шамамен шапыраштылардың саны 7000 түтін десе, М. Тынышбаев 1917 жылы Верный уезінде 70 мың жан болды деп есептейді.
Сіргелі – көне рулардың бірі XIX ғасыр соңына қарай Сіргелілердің басым көпшілігі Сырдария облысы, Шымкент уезінде отырықшыланып қалды. Мұхамеджан Тынышбаев өз еңбегінде 1917 жылы Сырдария уәлаяты, Шымкент уезіндегі Сіргелілер 70 мың жан деп жалпы санын көрсеткен.
Шанышқылы – Көне рулардың бірі. Шанышқылының ежелгі мекені ретінде Алтай өлкесі айтылады. Негізінен Жамбыл облысы мен Ташкент маңында жиі қоныстанған. М. Тынышбаев 1917 жылы Ташкент, Әулиета, Верный уездерінде Шанышқылы руына тиесілі 190 мың жан қоныстанған деген дерек келтіреді.