Универсиада-2015: Қазақстан алтын медальдар саны жағынан өз рекордын жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 504.76
  • 593.8
+5 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Универсиада-2015: Қазақстан алтын медальдар саны жағынан өз рекордын жасады

Универсиада-2015: Қазақстан алтын медальдар саны жағынан өз рекордын жасады

Биылғы жылдың басты додаларының бірі - XXVIII Дүниежүзілік жазғы Универсиада болатын. 

  • 15 Шiлде 2015
  • 670
Фото - Caravan.kz

Осыдан бірер сағат бұрын шілденің 3 күні Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында жалауы желбіреген аламан доданың алауы сөнді. Оған әлемнің 146 елінен келген 12896 спортшы сайыстың 21 түрінен бақ сынап, 272 медаль жиынтығын сарапқа салды. Бұл жарысқа Қазақстаннан 95 спортшы қатысып, 6 алтын, 4 қола медальмен жалпы командалық есепте 11-орынды жеңіп алды.

Бірден айта кетейік, Қазақстан құрамасы жазғы Дүниежүзілік Универсиада тарихында биыл бірінші рет алтын медальдар саны жағынан ең үздік нәтижеге қол жеткізіп,  өз рекордын жасады. Ал бұған дейін 2007 жылы Бангкок қаласында 5 алтын медальмен жалпы командалық есепте тағы да 11-орынды иеленген болатынбыз.

Төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған студенттер академиялық есу, бадминтон, баскетбол, бейсбол, волейбол, гольф, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, көркем гимнастика, қол добы, нысана көздеу, садақ ату, семсерлесу, спорттық гимнастика, су добы, суға секіру, таэквондо, теннис, үстел теннисі, футбол секілді спорт түрлері бойынша сайысқа түсті.

Қазақстан Ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы  алтын жүлдені жүзуші Дмитрий Баландин (жүзу, 100 метр, брасс) салды. Осыдан кейін ол брасс әдісімен 50 метр қашықтықта қола жүлдені еншіледі.

Қазақстанның Универсиададағы «жарық жұлдызына» айналған жеңіл атлет Виктория Зябкина бір өзі Қазақстан қоржынына 3 алтын жүлде салды. Ол жекелей сында 100 және 200 метр қашықтықта чемпион атанды. Сонымен қатар, командалық эстафетада (4х100) Анастасия Талапина, Светлана Иванчукова және Юлия Рахмановамен бірге Универсиада жеңімпазы болды.

Осыған қоса таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен сырықпен секіруші Никита Филиппов та жеңістің ең биік сатысына көтеріліп, 5-6-алтын жүлдемен Қазақстан құрамасын жалпы есепте 11-орынға көтерілуіне өз үлестерін қосты. Ал тағы үш қола жүлдені дзюдошы Жанар Қашқын (70 келі) мен стендік атудан ерлер және әйелдер құрамасы әкелді.

6 алтын медальдың бесеуін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жеңіп алды. Дүниежүзілік Универсиаданың тарихына үңіліп қарайтын болсақ, осыған дейін осындай көп көлемді алтын медальдарды бір жоғары оқу орнының студенттері алып көрмеген екен. Демек бұл да биылғы додадағы басты жаңалықтардың бірі деуге толық негіз бар.

Осы жерден сәл шегініс жасап, Қазақстан дербес команда ретінде Дүниежүзілік универсиадаға қатысқан 1993 жылдан бергі көрсеткіштеріне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.

1993 жылы АҚШ-тың Буффало қаласында өткен жарыста жерлестеріміз жалғыз күміс медальды иеленіп, Армения, Бразилия, Эстония, Литвамен бірге 31-35-орындарды өзара бөлісті. Мұнда АҚШ 73 (31 алтын+23 күміс+19 қола) бас жүлдені, Қытай (17+6+5) екінші орынды, Канада (11+13+14) үшінші орынды иеленді.
1995 жылы Жапонияның Фукуока қаласында Қазақстан 2 күміс медаль олжалап, 33-орынды місе тұтты. Бірінші орынды америкалықтар (24+28+17), екінші орынды жапондар (24+16+24), үшінші орынды Ресей құрамасы (15+12+23) жеңіп алды.
Ал Қазақстан құрамасы 1997 жылы және 1999 жылы өткен Дүниежүзілік универсиадада бірде бір медальға қол жеткізе алмады.
2001 жылы Бейжіңге сапар шектік. Онда Қазақстанның үш спортшысы күміс медальға ие болып, жалпы есепте 33-орынға жайғастық. Бұл жарыста Қытай құрамасы 103 (54+24+25) бас жүлдені олжаласа, АҚШ (21+13+13) екінші сатыға сырғыды. Ресей (14+18+21) үшінші орынды иемденді.
2003 жылғы Оңтүстік Кореяның Тегу шаһарында өткен додада Қазақ елінің әнұраны алғаш рет шырқалды. 2 алтын және 4 күміс медаль еншілеп, жалпы есепте 18-орынға көтерілдік. Осылайша, Қазақстанда студенттік спорттың өрлеу кезеңі басталды. Жалпы есепте Қытай (41+27+13) қайта көш бастаса, Ресей (26+22+34) мен жарыс қожайындары (26+12+17) екінші және үшінші орындарда иеленді.
2005 жылы Түркияның Измирінде өткен бәсекеде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 6 қола медальмен 26-орынға тұрақтады. Түркияда Ресей студенттері 65 (26+16+23) көш бастады. Бұл Ресей спортшыларының өз тарихында тұңғыш рет жалпы есепте көш бастауы еді. Одан кейінгі сатыға Қытай (21+16+12) мен Жапония (18+18+20) жайғасты.
2007 жылы Таиландтың астанасы — Бангкокта Қазақстан құрамасы жоғарыда атап өткеніміздей бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. 5 алтын, 4 күміс және 5 қоланы қанжығасына байлап, тұңғыш рет мықтылар тізімінде 11-орынға көтерілді. Алғашқы үштікте Қытай (32+29+26), Ресей (28+27+37) және Украина (18+20+18). Біз міне осы рекордты биыл жаңалап отырмыз.
2009 жылы Белградта 1 алтын, 2 күміс және 4 қоланы қоржынға салған жерлестеріміз 32- орынға табан тіреді. Бұл жылғы дода Ресейдің (29+22+27) жеңісімен аяқталды. Одан кейінгі тұғырда — Қытай (22+21+15) мен Оңтүстік Корея (21+11+15).


2011 жылы Қытайдың Шэньчжэнь шаһарына 3 күміс және 3 қола медальмен қазақстандықтар 45-орынға бір-ақ сырғыды. Жарыс қожайындары (75+39+31) бас жүлдені, Ресей (42+45+45) екінші орынды, Оңтүстік Корея (28+21+30) үшінші орынды иеленді.
2013 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен Дүниежүзілік сында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 11 күміс және 16 қола медальді иеленіп, 19-орынға қайта көтерілді. Қазанда Ресей құрамасы (155+75+62) көш бастады. Екінші және үшінші орындарда — Қытай (26+29+22) мен Жапония (24+28+32) өзара бөлісті.

Ал биыл жерлестеріміз жақсы қырынан көрініп, жалпы есепте әлем бойынша 11-орынға қайта көтерілді. Бұлда болса елімізде спорттың дамып келе жатқандығының белгісі.

Биылғы Универсиадада үздік өнер көрсеткен мемлекеттер:

Орын

Ел

Алтын

Күміс

Қола

Жалпы

1

О.Корея

44

28

26

98

2

Ресей

32

37

44

113

3

Қытай

29

21

15

58

4

Жапония

20

19

28

66

5

АҚШ

18

15

18

51

6

Франция

13

9

8

30

7

Италия

10

14

17

41

8

Иран

7

2

6

15

9

Украина

6

15

5

26

10

Тайбэй

6

12

17

35

11

Қазақстан

6

0

4

10

  

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера