ҰҚК шетелде лаңкестік әрекеттерге қатысу пиғылы білінетін адамдарға ресми ескерту жасайтын болады - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҰҚК шетелде лаңкестік әрекеттерге қатысу пиғылы білінетін адамдарға ресми ескерту жасайтын болады

ҰҚК шетелде лаңкестік әрекеттерге қатысу пиғылы білінетін адамдарға ресми ескерту жасайтын болады

2013 жылдан бері Қазақстанның арнайы қызметтері республика аумағында 9 террористік актінің алдын алды,

  • 25 Қыркүйек 2014
  • 1734
Фото - Caravan.kz

 деп хабарлады бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов.

Бұл туралы ол бейсенбіде сенатта пленарлы отырыс барысында айтты.

Қазақстанда оннан астам террористік оқиға орын алып, оның салдарынан 21 адам қаза тапты. Соның 17-сі құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов осылай мәлім етті. 

Оның айтуынша, жүзден астам Қазақстан азаматтары шетелді террористік ұйымдардың ықпалында жүргені белгілі болған. «Жасырын емес, осы ұйымдар өздерінің теріс пиғылын Қазақстанға әкеліп таратуға ұмтылуда. Алғашқы кезеңмен салыстырғанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес әлдеқайда күшейді деуге негіз бар. Мәселен, тек былтырдан бері арнайы органдар 9 террористік актінің алдын алды», — дейді Ж. Асанов.

Мәселен, оның сөзіне қарағанда 2014 жылдың сәуірінде Ақтөбеде радикалды діни идеологияны ұстанатын адам қазақстандықтарды Сирияға барып, қарулы әрекеттерге қатысуға үгіттеп, құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған. Соттың үкімімен олар бес жылға сотталды.

Терроризм деп танылған ұйымның мүлкі жедел түрде мемлекет меншігіне өтетін болады — Прокуратура

Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.  

Аталған заң жобасы қолданыстағы бірқатар нормативтік құқықтық актілерге экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталады. Бұл ретте құжат арқылы жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қорғалуын жаңа сападағы деңгейге көтеру көзделеді. Сонымен қатар, заң жобасы экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуін, басып шығарылуын және таратылуын болдырмауға бағытталған нормаларды жетілдіруге бағытталады.

«Қолданыстағы заң бойынша ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану үдерісі тым ұзақ уақыт алады. Мәселен, прокурор ең алдымен сотқа арыз жіберуге тиіс, сот оны бір ай шамасында қарайды, қаралғаннан кейін шешім шығару үшін сотқа бес күн беріледі. Бұдан соң үкім күшіне енуі үшін тағы 15 күн керек. Барлығына —  кемінде екі ай. Ал тараптардың келіспеуі орын алса, онда бұл мерзім жарты жылға дейін созылып кетуі ықтимал»,- дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов.

Осыған орай, Бас прокуратура аталған мерзімді айтарлықтай қысқартуды ұсынады. «Сот шешімі қабылданғаннан кейін, бұл бірден орындауға жатуы тиіс. Бір сөзбен айтсақ, шешім шығысымен ол екінші сатыда қаралуын күтпей, оны орындау үшін құзыретті органдарға жіберуге сот міндетті болады. Мұндай тәртіп экстремистік, террористік ұйымдардың қызметін тез арада, жедел түрде тоқтатуға мүмкіндік береді», — дейді Бас прокурордың орынбасары.

Бұдан бөлек, террористік ұйымдар үгіт-насихаты БАҚ, соның ішінде интернет арқылы белсенді жүргізілетіні белгілі. Осыған орай, заң жобасында әлгіндей ақпараттар террористік деп танылса, онда құзырлы орган ондай басылымдарды бірден жауып, қолжетімділікті жоятын болады.

«Қазіргі қолданыстағы заңда ұйым экстремистік деп танылса да оның мүлкін мемлекет меншігіне  ала алмайды. Мұндай механизм болмаған соң заңсыз деп танылған ұйымдар атауларын өзгертіп, әрекетін одан әрі жалғастыруы мүмкін. Мәселен, 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында бір қоғамдық бірлестік экстремистік деп танылды. Бұл ұйымның 12 облыста 100-ден астам үйлері, ғимараттары болған. Осы мүліктің барлығын дер кезінде мемлекеттің меншігіне ала алмадық. Өйткені, бұған заңымыз мүмкіндік бермеді. Сондықтан да, жаңа заң жобасында террористік немесе экстремистік деп танылған ұйымның мүлкі жедел түрде мемлекет пайдасына алынатын болады», — деді Ж. Асанов. Оның айтуынша, аталған норма әлгіндей теріс пиғылды ұйымдардың қайта жандануына тосқауыл болмақ.  

2013 жылы Қазақстанда терроризмге қатысты 65 қылмыс жасалса, 2014 жылы 52 қылмыс тіркеліп отыр.

Прокуратура өкілінің айтуынша, ағымдағы жылы экстремистік және террористік қылмыс жасағаны үшін Қазақстанның 29 азаматы сотталған. «Атырауда бір азамат әлеуметтік желілер арқылы Ауғанстанның террористік ұйымдарына кіріп, жұртты содыр болуға шақырған. Бұл қылмысы үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, шетелдік террористік ұйымы біздің бір азаматымызды арнайы дайындықтан өткізіп, Қазақстанға лаңкестік қарулы топтар құруға аттандырған. Бір ай бұрын ол Қырғызстанда ұсталып, елімізге қайтарылды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергелуде», — дейді Ж. Асанов.

Оның айтуынша, прокуратура арыздарының негізінде мыңнан астам интернет және баспа материалдары экстремистік деп танылып, олардың таралымы тоқтатылды.

Ал 2014 жылдан бері елімізде террористік деп 15 ұйым, экстремистік деп 6 ұйым танылып, республикамызда олардың қызметіне тыйым салынған. 

Ұлттық қауіпсіздік органдары шетелде лаңкестік әрекеттерге қатысу пиғылы білінетін адамдарға ресми ескерту жасайтын болады. 

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов осылай мәлім етті.

«Кейбір ағайындарымыз шетелдерге барып лаңкестік әрекеттерге қатысуда. Олардың осындай қадамға баруының алдын алу үшін мемлекеттік құрылымдарға ешқандай өкілеттік берілмеген. Сондықтан да, Ұлттық қауіпсіздік органдары ондай ниеті бар азаматтарға шетелге бармау жөнінде ресми түрде ескерту жасауға құқылы болмақ. Ал ескерту орындалмаған болса, ондай азаматтардың қылмыстық жауапкершілігі ауырлай түседі», — дейді Ж. Асанов. Сонымен қатар, Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктің экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген ақпарат болса, онда оларды елімізге кіргізбеу шаралары қарастырылып отыр.  Бас прокурор орынбасарының сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда 70-тен астам шетелдік азаматтың радикалдық ұстанымы тек біздің елімізге кіргеннен кейін ғана белгілі болып, ұсталған.

Бұдан бөлек, террористік қылмыстар үшін сотталып, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамдардың барлығына қаржылық мониторинг жүргізіледі. «Бұл дегеніміз, әлгіндей бап бойынша сотталған азаматтардың ақшалай операциялары бақылауға алынады деген сөз. Ондай операциялар заңсыз болса дереу тоқтатылып, тез арада құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдайтын болады», — деді Жақып Асанов. 

Сонымен қатар,  Бас прокуратура  жанындағы Құқықтық статистика комитеті барлық экстремистік және террористік ұйымдардың тізімін жүргізетін болады. Мұндай ақпараттар комитеттің ресми сайтында ашық түрде жарияланып, кез келген адам үшін қолжетімді етіледі.