Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҰҚШҰ Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссия төрағасы, Ресей Федерациясының өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Иван Матеров ҰҚШҰ жанындағы тұрақты кеңестің талқылауына келісім жобасын енгізді.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, құжат аталмыш мемлекетаралық комиссияның 2006 жылдың тамыз айында өткізілген екінші отырысының шешіміне сәйкес жасалған. Биылғы жылдың сәуір айында өткен Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның бесінші отырысы барысында құжат жобасы комиссияның ұлттық бөлімдерімен келісілді.
«Келісім жобасына сәйкес тараптар қару-жарақ пен әскери техниканың жасалуына, өндірісіне және сынағына қатысатын кәсіпорындардың мамандануын сақтауға ықпал етпек. Сондай-ақ, қалыптасқан екіжақты өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация бойынша құқықтық ұйымдастыру формасының және меншік формасының өзгеруіне қарамастан ҰҚШҰ форматында әскери мақсаттағы қызмет көрсетуге ықпал етеді», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Мамандануын сақтау әскери-экономикалық ынтымақтастық мүддесінде деп табылған кәсіпорындар мен ұйымдар тізімі қосымша жасалады.
Келісім жобасында ҰҚШҰ аясында жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімді қабылдау тараптардың қорғаныс министрліктерінің өкілдерімен жүзеге асырылады деп көрсетілген.
«Құжат сондай-ақ, әскери мақсаттағы өнімді жасау, өндіру, сынақтан өткізу және сервистік қызмет көрсету мәселелері бойынша ақпарат алмасуды, әскери мақсаттағы бірлескен жұмыстарды орындауға қажетті көлемде қызмет көрсетуді қарастырады», — деп хабарлады Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының хатшылығының баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті