Жарияланды: 870

Үш буынды сот жүйесі тиімсіз болып шықты

Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаров Жоғарғы және облыстық соттардың құрылымын өзгерткен үш буынды сот жүйесінің тиімсіз екенін мойындады.

«Біз 2010 жылдың қаңтар айында көшкен үш буынды сот жүйесі жеткілікті деңгейде тиімсіз болып шыққанын айтуға тиіспін», - деді ол жұма күні бірінші жарты жылдықтың қорытындысын шығаруға арналған кеңейтілген кеңесте. «Бір жарым жылдық тәжірибе мұның дұрыс емес екенін көрсетіп отыр. Әсіресе, облыстық соттардың апелляциялық алқасының қызметінде былай шықты: аудандық соттарда үкім қаралды, оның заңдылығын апелляциялық судья өзі қарайды, осымен нүкте қойылады. Кейін Жоғарғы соттың қадағалаушы алқасының әрбір отырысында қабылданған сот актілері іс жүзіне сәйкес келмейтініне наразылықтар мен шағымдар көп болады», - деді ЖС басшысы. Б. Бекназаровтың айтуынша, сонымен қатар, ЖС-тың республика бойынша заңды күшіне енген барлық сот істерін қадағалау функциясы да тиімсіз болып шықты. «Біз судьялардың мамандануы туралы айтып отырмыз, сол уақытта мамандану бұзылды. Сот алқасының төрағалары қай жаққа барарын білмейді: ол қылмыстық істер бойынша маман ба, әлде әкімшілік, азаматтық істер бойынша маман ба, әлде жалпы санаттағы маман ба?», - деді ол. Бұдан басқа, облыстық соттардың кассациялық алқаларында мүлдем жүктеме жоқ деуге болады. Сот жүйесінің бұл органына алқа билердің қатысуымен қаралған кейбір қылмыстық істер түседі. «Біз қазір іс бойынша сот актілерімен келіспейтін адамдар Жоғарғы соттан емес, жергілікті жерлерде – облыстық соттардан шындық іздеулері үшін сот өндірісінің құрылымын өзгерту қажет деген мәселені көтеріп отырмыз. Ең көп қателіктер, кемшіліктер, олқылықтар – осының бәрі облыстық соттардың деңгейінде орындалуға тиіс. Мыңдаған азаматтарға Жоғарғы сотқа барудың қажеті жоқ», - деді Б. Бекназаров. Еске сала кетейік, 2010 жылдың қаңтар айында «ҚР сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға түзетулер күшіне енді, ол облыстық соттардағы бірінші және екінші қадағалаушы инстанцияларды оңтайландыруды, аудандық соттардың ролін күшейтуді қарастырады. «Оңтайландыру нәтижесінде еліміздің сот құрылымы бірінші инстанциядан (аудандық және оларға теңестірілген соттар), апелляциялық және кассациялық инстанциялардан (облыстық және оларға теңестірілген соттар), қадағалаушы органнан (жоғарғы сот) тұрады», - деген болатын ол кезде ЖС төрағасы болған Қайрат Мәми. Осылайша, халыққа жақын және тиімді сот төрелігін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, ұйымдастырушылық құрылымы оңтайлы үш буынды сот жүйесі құрылады. Қ. Мәми бұл өзгерістер «сот істерін барынша оңайлатуға және жеделдетуге, жергілікті соттардың деңгейінде шешім қабылдауды арттыруға» ықпал етеді деп ойлаған. Заңға сәйкес, бірінші инстанция бойынша істердің барлық санаттарын қарау аудандық буын соттарына берілді, бұл «заң алдында барлығы тең» деген конституциялық қағидаға сәйкес келеді. Ал Жоғарғы сот өзінің басты функциясы – жергілікті және басқа соттардың қызметін қадағалау ролін атқарады. Сондай-ақ, облыстық соттар мен ЖС-тың басқа құрылымы белгіленді: облыстық сот төраға мен судьялардан тұрады, ал сот алқалары құрылғанда, олардың төрағаларынан да.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін