Үш мыңнан астамы қазақтар - Отандасымыз Қытай түрмесінде қандай қорлық көргенін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үш мыңнан астамы қазақтар - Отандасымыз Қытай түрмесінде қандай қорлық көргенін айтты

Үш мыңнан астамы қазақтар - Отандасымыз Қытай түрмесінде қандай қорлық көргенін айтты

Қазақстандық азамат қамауда көрген зорлық зомбылық туралы, тергеу мен қинау, өз өзіне қол жұмсауға әрекетену жайлы және Қытай түрмесінде неліктен қазақстандықтардың көп екенін айтты.

  • 27 Сәуiр 2018
  • 1967
Фото - Caravan.kz

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұсталып, "саяси тәрбие орталығында" үш ай қамауда болған, қазір Қазақстан азаматтығын алған Қайрат Самарқан Азаттыққа қандай қиындықты бастан өткергенін, қайтіп босап шыққанын баяндады.

30 жастағы Қайрат Самарқан — Қытайда туып өскен этникалық қазақтардың бірі. 2009 жылы мамыр айында Қазақстанға келіп, азаматтық алуға құжат тапсырған Қайрат "тарихи отанының дамуына үлес қосу үшін қоныс аударғанын" айтады. 2017 жылы қараша айында Шыңжаң өлкесіндегі "жеке меншік үйін, жерін сатуға барған кезінде" Пекинде Қытай коммунистік партиясының 19-съезі өтіп жатқанын еске алады. Қайраттың сөзінше, туған жері Бурылтоғайдағы аудандық полиция оны бөлімшесіне шақырып, тергей бастайды.

— "Қазақстанда немен айналысасың? Ол жерде кімдерің бар? Намазға жығыласың ба? Ол жерде халық қандай? Ол жақта не істейсің?" деген сұрақтар қойды. Осылайша үш күн, үш түн ұйықтатпай қинап, сосын үш айдан жоғары, тоғыз айдан төмен қамау жазасына үкім етті. Төртінші күні Бурылтоғай аудандық саяси орталығына машинамен апарды. Апарғаннан кейін, бірінші киімімді шешкізіп, аяғымдағы кісен, қолымдағы көзірмен қамақханаға кіргізіп жіберді. Сосын барғаннан кейін ол жерде шашымды алып тастады. Әскери камерада жатасың. Мен Бурылтоғай аудандық саяси орталығының камерасында болдым. Ол жерде 2017 жылы өткізілген Қытай коммунистік партиясының 19-құрылтай жиынының жалпы мазмұны, Қытай халық республикасының ішкі құпиясын сақтау, ұлтқа бөлшектенбеу, Қытайдың ішкі саясатын сыртқа шығармау, мұсылман болмауды үйрету сияқты сабақ өткізіліп жатыр, — деді ол.

Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қамауға алынып, саяси және еңбек тәрбиесі орталықтарында күшпен оқытылып жатқан жүздеген этникалық қазақ пен ұйғыр туралы шағымдарды Пекин жоққа шығарып келеді. Бірақ былтыр Қытайдың Қазақстандағы елшісі бір сөзінде жаппай қамау туралы мәліметті растаған.

Мұнда (саяси тәрбие орталығында) қамаудағылар үшке бөлінеді. Біріншісі — дінге қатысы бар адамдар. Екіншісі — шетелге шыққандар, үшіншісі — қоғамдық тәртіпті бұзғандар. Мұнда жатқанның барлығы — мұсылмандар. Мен шетелге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзғаным үшін қамалдым,
— дейді ол.

Қайрат Самарқанның сөзінше, "саяси тәрбие орталығына" қамалғандар күнделікті тамағына 20 юань төлейді.

— Өз қалтамыздан төлейміз. Және өз қаражатымыз өзімізге жетпейді. Бізге беретіні екі тілім нан мен күріш суы. Басқа жақсы тамақ жоқ. Оны заң бойынша қатаң бақылайды, — дейді ол.

Азаттық "туыстары Шыңжаңдағы тәрбие орталықтарында қамауда жатқан" Қазақстан азаматтарының арыз-шағымына орай Қытайдың Қазақстандағы елшісіне бірнеше мәрте сауал жолдаған.

Ол жерде жалпы 5700 адам жатыр. Оның үш мыңнан астамы қазақ, екі мыңы ұйғыр, 200-і дүнген. Олардың арасында Қазақстан азамттығын алған екі кісі болды. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан және Жарма ауданынан. Бірінің аты Есболат. Біреуі жеті жылға, екіншісі төрт жылға сотталған. Олардың кінәсі – Қазақстанда тұрған және Қытайдағы тіркеуін өшірмеген. Саяси үйрену лагерінде әйелдерді бөлек ұстайды. Сол себепті олардың нақты қанша екенін білмеймін. Ал балалар мүлдем жоқ, — дейді Қайрат.

Оның босатылуына психологиялық күйзеліске ұшырауы себеп болған.

Шыққандағы себебім, біріншіден, өзіме өзім қол жұмсадым. Ол жерде күзетке тұрғызады. Аяғым талып, шыдамай кетемін. Шыдамай кеткен соң жүгірім барып басымды тамға ұрдым. Сол кезде 15 минуттай талып кетіппін. Полиция келіпті. Есімді жисам, доғдырханада жатыр екенмін. Содан кейін мені шығарды. Шығарғаннан кейін полиция "Сенің шетелге шығуға құқығың жоқ" деді. "Менің балам бар, әйелім бар. Қазақстан еліне барамын" деп өтірік айттым. Содан кейін маған қазақ еліне келуге бір айға рұқсат берген. Қазақ еліне келе салысымен азаматтығымды алдым. Азаматтығым шығып тұрған, — деді ол Азаттық тілшісіне Қазақстан паспортын көрсетіп.

Қайрат үшін бұл құжат оның ендігі жеке бас қауіпсіздігі мен бостандығының жалғыз кепілі болып көрінеді.

Ұқсас тақырып:

Шыңжаңда қамауға алынған қазақтар мәселесіне АҚШ араласты

Соңғы жаңалықтар