Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Білім саласындағы реформаны да логикалық нәтижелерге дейін жеткізу қажет. Қазіргі заманғы шындық біздің балаларымызда жаңа дағдылар мен құзыреттерді дамытуды талап етеді. Мен үш тілділік біртіндеп нормаға айналуы тиістігін айтқан болатынмын. Біздің балаларымыз — олар жаһан балалары. Олар бүкіл әлемдік кеңістікте, үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Сондықтан қазақ, орыс және халықаралық ағылшын тілін білу маңызды», — деді Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде.. Бірақ, Елбасы мұны асығыс жүргізбеу қажеттігін ескертті. «Алдымен педагогтерді дайындап алу қажет. Ағылшын тілін білетін физика, математика және химиядан сабақ беруге қабілетті педагогты қаншама оқыту қажет. Ал біздің министрлік ертеңнен бастап-ақ мұғалімдерге сабақ бере бастауды тапсырды. Үш айға курсқа шақырып, оқытасыңдар. Алайда кім үш айдың ішінде математиканы ағылшын тілінде үйрете алады? Бұған қоса, мол қаражат та жұмсалды. Шетелден мұғалімдерді шақырып, сабақ беруді бастаған жеңілірек болар ма еді. Сондықтан бұл мақсат пен міндет қала береді және министрлік бұл тұрғыда да дұрыс бағытта да болды. Жоғары оқу орындарына қатысты да дұрыс саясат жүргізе алды. Бірақ, мұның барлығы ақылға қонымды болуы әрі адамдарға неліктен, қашан қажет екендігі түсіндірілуі тиіс еді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әрбір өңірде алдыңғы қатарлы бір жоғары оқу орны болуы керектігін баса айтты. "Әрбір өңірде кемінде бір ілгері жоғары оқу орны, яғни, 17 өңірде мұндай 17 ЖОО және 10 заманауи колледжден болуы тиіс. Оқу орындарының тиімділігінің басты критерийі — бұл түлектердің жұмысқа орналасуы. Университет түлегі жұмысқа орналасса бұл университеттің бағалануы, мамандарының қажет екендігі", — деді Елбасы.