"Ұшақ - ең қауіпсіз қатынас құралы": Блогер Ақтаудағы ұшақ апаты туралы - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Ұшақ - ең қауіпсіз қатынас құралы": Блогер Ақтаудағы ұшақ апаты туралы

"Ұшақ - ең қауіпсіз қатынас құралы": Блогер Ақтаудағы ұшақ апаты туралы

Саяхатшы, блогер Өркен Кенжебек әуе апатына тап болу мүмкіндігі 11 миллион жағдайда бір рет екенін айтты.

  • 26 Желтоқсан
  • 28
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол Instagram желісінде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Саяхатшының жазуынша, ұшақ ең қауіпсіз қатынас құралы.

«Ақтаудың іргесінде құлаған әзірбайжан ұшағында ақтық демі таусылғандар мен олардың отбасысына қайғыра көңіл айтамыз. Басқа желілестерден бір бас артықшылығымыз болсын — саудыраған ұшақ, шашылған тән фотосын менен күтпеңіз. Әдебіме сай емес. Осындай әуе апатының қандайы болсын әркез назарға ілінеді, көпке дейін естен кетпейді. Бірақ, әлі де ұшақ — ең қауіпсіз қатынас құралы. Мысалы, биыл 4,7 млрд адам ұшып-қонады деп отыр. Бұған дейін адамзат тарихында рекорд болған 2019 жылы 4,5 млрд адам ұшақ қызметін қолданған еді. Былтырдың өзінде Ресей әуе компаниялары 103 млн адам тасымалдаса, біздің ұшақтар 13 млн адамды аман жеткізген. Егер 4,7 млрд адамды дәл солай ескі Альфардтарға әлде мәшинелерге салып тасысыншы, қазанамадан көз ашпас едік.. Статистика: әуе апатына тап болу мүмкіндігі 11 миллион жағдайда бір рет қана. Әр апаттың астарында миллиондаған сәтті ұшып-қонулар бар дегенім ғой

Айтайын дегенім, авиацияның ең қауіпсіз болу себебі де — ондағы әрбір ережелер қанмен жазылған. Егер қандай да бір дүниеге тыйым болса, демек, ол еріккеннен емес, белгілі жағдайдан сабақ алған соң қабылданған. Мысалы, ұшаққа тапсыратын багажында powerbank, аккумулятор салып жіберуге болмайды. АҚШ-та бір жолы қара басып, powerbank-ымды ұмытып салып жіберіппін, тексерістен өтіп қойған жерімнен “Orken” деп шақырып алып, багаж бөліміне апарып, ораулы сөмкемді ашқызып, алдыртып тастады. 100 мл-ден асатын сұйықтық, үшкір зат болмайды дей ме, демек, тексерісте “Не болды сонша-ей?” деп ерегісудің қажеті жоқ. Қытайда балама сатып алған ойыншық жыланды алып қойған. Ойыншық жыланмен салонда біреуді қорқытады деп ойлады-ау.. Сосын оларда 2-3 жасар баланың өзін жеке алып тексергенде әр қалтасын шығарып, денесін қатты басып, жаның шығарып жібере жаздайды. Бақырып жылап жатса да, тексереді. Бізде осылай істесе, ата-анасы қызметкермен төбелесіп кетер еді…», — дейді ол.

Блогер ұшақ бортында Оғыз Доған мен стюардесса арасында болған кикілжіңді де еске алды. Оның айтуынша, ұшақтағы кез келген оқыс әрекет апатқа себеп болуы мүмкін.

«Қайбір жылы біздің әуе компаниясының бортында Оғыз Доған деген түрік азаматы стюардессаға қазақша сөйлемедің деп төбелес салған еді. Сонда мен осы желіде қатайып алып, Оғыздың ит терісін ]образдық сөз[ басына қаптаған едім. Неге?

Тіл құқын 11 шақырым биіктікте қорғағанына рахмет, бірақ, ұшақ төмендеуге бет алғанда алдындағы үстелшені жинамай қояды. Себебі, сырасын тауысқысы келмеген. Ал сол сыра керек болғанда ол қай тілде сұрап алды екен? Әсіресе, ұшақ үшін ең қиыны — ұшу-қону кезінде мұндай кикілжің апатқа тікелей апаруы мүмкін еді. Мені осындай тәртіпке бағынбаушылық жынымды келтірген.. Домбыра киелі болғандықтан, алдыма алып отырамын деу де соған келер. Арнайы футляр сұрайды әлде багажға тапсыр дейді, білуімше. Себебі, оның қыл шегімен қасындағы адаммен буындырып өлтіруге болады. Теория жүзінде, Құдай сақтасын, әрине. Сондықтан, осындай апат кезінде авиацияның ережелерін де қапы қылмау керегін еске салғым келген», — дейді Өркен Кенжебек.

Еске сала кетейік, Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ 25 желтоқсан күні Ақтау маңында апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан еді. Әуе апатынан 29 адам тірі қалды.