Бұл – ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Алматыдағы «Шығыс» аймақтық басқарасының алдындағы қаралы жиыннан көрініс.
Қызмет бабында жүріп, бір күнде опат болған 27 азаматын Алаш жұрты осылайша аза тұтуда. Себебі айтпай келген апат елдің бір бөлігін толық шекарашысыз қалдырды. Сондай-ақ үздік ұшқыштардан да айырды.
Марат Нұрахметов — экмпаж командирі, Олег Голубев — штурман, Марат Үсенов — аға бортмеханик, Аслан Лұқпанов — командирдің көмекшісі, Александр Вологжанин — аға бортмеханик, Ренат Мысаев — аға бортмеханик және Гүлнұр Доланбаева – бортсерік – бұл сол апатта 27 әскеридің арасында қаза болған 7 экипаж мүшесі. 7-уі де Алматы облысы Боралдай кентіндегі 21/77 әскери әуе базасында қызмет еткендер.
Талғат Халитов, 21/77 әскери әуе базасының штурманы:
— Дос болдық, барлығымыз бір құрамда қызмет атқардық. 9 жыл майор Нұрахметовпен, майор Голубевпен жүрдік. Олар біздің нұсқаушыларымыз болатын. Естіген кезде барлығымыз қатты қайғырдық.
Бағдат Ибрайымов, 21/77 әскери әуе базасының қызметкері:
— Біз әріптестеріміздің отбасына кеше өзіміздің екі күндік жалақымызды аудардық. Материалдық және моральдік көмек көрсетеміз.
Тіпті кейбірінің ақаза болғанын естімеген жақындары да бар екен. «АН-72» бортының экипаж командирі Марат Нұрахметовтың анасы баласының опат болғанын әлі білмейді. Бүгін көрші-қолаңдары жиналып естіртіп жатыр. 86 жастағы кейуана онсыз да сырқат екен.
Марат Нұрахметовтың артында анасынан өзге екі баласы мен жары қалды. Тіпті біреу енді ғана 3 айға толған. Отставкадағы Қабден Базарбаев та осы апатта жақынынан айырылғанның бірі. «Оңтүстік» аймақтық басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған інісі Қайрат Базарбаевтың қаза болғанын теледидар көріп отырып естігенін айтады.
Қабден Базарбай, марқұм Қайрат Базарбаевтың ағасы:
— Бұны мен теледидардан естідім. Содан Шымкент жақта құлады деген соң сол жақта інім қызмет істейді ғой. Мәскеудегі інім де хабарласты. Біздің ініміз қайтыс болған шығар деп. Өйткені қолбасшысының көмекшісі болған сон сонда міндетті түрде болады. Сосын отбасына хабар келді.
Әскерилерді аза тұтқан жұрт мешіт пен шіркеулер де көп. Ниет етіп, дұғасын білдіруде.
Саттарқұл Сәтейұлы, Алматы қалалық Орталық мешітінің имамы:
— Бүкіл халық үшін бұл — үлкен қайғы. Тек жұрт тек олардың отбасына ғана емес, бүгін мешіктке келіп көңіл айтып, дұға етіп жатыр. Үйлерін тапсақ, барып көңіл айтайық, көмек берейік дегендер де көп.
Орталық мешіт имандары ертеңгі жұма намазын осы марқұмдардың әруағына бағыштамақ.