Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың айтуынша, тұтастай алғанда бірінші сессия кезінде парламентке 77 заң жобасы келіп түсті. Ал бұған дейінгі шақырылым парламентінің қоржынында 126 жоба болған. Мәжіліс 80-нен астам заң жобасын қарап, мақұлдап сенатқа жолдады. 62 заңға Елбасы қол қойып, күшіне енді. «Бұл деректер парламенттің жұмысына пәрменді әрі нәтижелі деген сипаттама беруге негіз болмақ»,- деді палата спикері.
О.Мұхамеджановтың айтуынша, парламент жұмысының өткен сессиясында әлеуметтік саладағы заңнамаларды жетілдіруге басымдық берілді. Парламент алдағы уақытта да «экономиканы диверсификациялауға, салық ауыртпалығын жеңілдетуге, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіруге бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастырады». «Қабылданған заңдар мен құқықтық-нормативтік актілердің тиімділігіне мониторинг жүргізу қажеттігі туындады»,- деді палата жетекшісі.
Мәжіліс төрағасының пікірінше, «бюджеттік процестерде парламенттің ролін арттыру қажет». Парламент республикалық бюджет жобасымен жұмыс істеп жатқан кезде бюджеттік бағдарламалардың администраторларын тыңдау тәжірибесін енгізу қажет, деді ол. Сонымен қатар ол қаралатын заң жобаларын талқылауға жұртшылықты атсалыстыру идеясын ортаға салды. Ол заң жобаларын парламенттің салалық комитеттерінде ғана емес, сонымен бірге парламенттік фракцияларда да қарау орынды деп санайды. Бұл іске саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшы-мамандарды жұмылдыру керек дейді ол.