Үшінші тоқсанда Қазақстанда жұмыссыздық 5,2 пайызға азайды
Биылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға дейін азайды. |
Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мәлім етті.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының нәтижелеріне тоқталған министр: «Бірінші бағыт бойынша кәсіптік оқумен барлығы 63 мың адам қамтылды. Жұмысқа орналастыру көрсеткіштері де едәуір өсті. Өткен жылы оқуды аяқтаған адамдардың тек жартысы ғана жұмысқа орналастырылған болса, биылғы жылы 81,3 пайызы (26,6 мың адам) еңбекпен қамтылды», -деді.
Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі бойынша биыл 51,6 мың адам жұмыс істеді. Былтыр 16,2 мың ғана болған. Осы орайда осындай жұмыс орындарын құратын бағдарламаға тартылған жұмыс берушілердің саны 4 есеге артты.
«Оқытылатын мамандықтардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмеуі бағдарлама қатысушыларын жұмысқа орналастыру мүмкіндігіне теріс әсер етеді. Бұл проблеманы оқу орындары мен бағдарлама қатысушылары жұмыс берушілердің өздерінің таңдауы арқылы шешкені жөн деп отырмыз. Бұл өз кезегінде жұмыс берушілердің нақты қажеттілігіне қарай оқуды ұйымдастыруды, өндірістік тәжірибеден өту үшін жағдай жасауды және кейіннен бағдарлама қатысушыларын тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді С. Әбденов.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін