Ұстаздар күні: Мұғалімдер жайлы өлеңдер мен әндер, құттықтау тақпақтар - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұстаздар күні: Мұғалімдер жайлы өлеңдер мен әндер, құттықтау тақпақтар

Ұстаздар күні: Мұғалімдер жайлы өлеңдер мен әндер, құттықтау тақпақтар

Ұстаздарға арналған ең үздік ән жыр, өлеңдер мен құттықтау тілектер жинағын ұсынамыз.

  • 18 Қыркүйек 2023
  • 39807
Фото - Caravan.kz

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы!

1994 жылдан бері әлемнің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Кей мемлекеттер бұл мерекені 5 қазан күні атап өтеді.

Ұстаздар күні қалай тойланады?

Біздің мемлекетімізде де бұл мереке қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген. Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне бекітілді. 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің жағдайы туралы" құжатқа қол қойған.

Ұстаздар күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылады.

Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді.

Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сыныптарға сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады.

Қазақстандық ұстаздар бұл мерекені міндетті түрде педагогикалық ұжыммен бірге атап өтеді. Сондай-ақ, бұл күні республика бойынша үздік ұстаздар марапатталады.

"Педагог мәртебесі туралы" заң

2019 жылдың 19 қыркүйегінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов парламентте "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын таныстырды. Құжатты дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына 70-тен астам маман енген. Оның ішінде педагогтер, заңгерлер, ғалымдар, мектеп басшылары мен қалалық кәсіподақ өкілдері бар. Заң жобасын дайындау барысында мұғалімдер мен жұртшылық тарапынан 8 мыңнан аса ұсыныс түскен. 

Құжатқа сәйкес, 2024 жылға қарай білім беру саласында істейтін 500 мың мұғалімнің жалақысы екі есеге өседі.

"Алдағы төрт жылда жалақыны екі есеге өсіру жоспарланып отыр. Бұл келесі жылдан бастап олардың еңбекақысы 25 процентке ұлғаяды деген сөз",- деді министр.

Сондай-ақ сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсіріледі. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді.

Барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге ұзарту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу қарастырылып отыр. Жаңашылдықтың бірі – магистр дәрежесі үшін 10 АЕК (25 250 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төлеу.

Ұстазым менің, ұстазым

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын
Есімде әліппені жаттатқызып
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның

Ұстазым менің ұстазым
Өзіңмен өткен қыс жазым
Қалдырған ізің мәнгілік
Жадымда тұрар жаңғырып
Ұстазым менің ұстазым

Зердемді сен ашпасаң не етер едім
Өмірден сыбағасыз кетер едім
Ғажайып дүниенің сырын жайып
Қияға қызықтырып жетеледің

Ұстазым менің ұстазым
Өзіңмен өткен қыс жазым
Қалдырған ізің мәнгілік
Жадымда тұрар жаңғырып

Ұстазым менің ұстазым



Өзіңнен өмірге азық ала бердім
Ұшырып мені алысқа қала бердің
Бойымда отың кетті ұшқын атқан
Келеді жаңа бергім жаңа бергім

Ұстазым менің ұстазым
Өзіңмен өткен қыс жазым
Қалдырған ізің мәнгілік
Жадымда тұрар жаңғырып
Ұстазым менің ұстазым

Ұстазым менің ұстазым
Өзіңмен өткен қыс жазым
Қалдырған ізің мәнгілік
Жадымда тұрар жаңғырып
Ұстазым менің ұстазым

***********************************

 

Ұстаздың ұлағаты  (Ғабиден Қожахмет)

 

Әр сабағы болып өтіп тағылым,
Әр шәкірттің оятатын танымын.
Мейлі, есейіп кетсе де сол ұл-қызы,
Санасында жүре берер әлі күн,
Ұстаз деген – мәртебелі бір есім.

Ұқтыратын сол біліммен күйді айқын,
Әр түлегі шәкірт күнін қимайтын.
Ізгі жаны бағытталған балаға,
Сондықтан да қоғамы оны сыйлайтын,
Ұстаз деген – ұлағатты ұлы есім.

Өмірінің мағыналы шақтары
Мектеп болып, содан бақты тапқаны.
Ұстаз деген – сол ұяның жүрегі,
Ұстаз деген – сол ұяның мақтаны.

Дейді ұл-қызға берілетін бағаң көп,
Білім жолдан қалма өзгеге алаң боп.
Осы жолдан болашақты іздесең,
Сендер үшін алынбайтын қамал жоқ.

Сол соқпақта тоқтатпайтын күресін,
Алып жүрген құрметпенен үлесін.
Ұстаз деген – әр шәкірттің мақтаны,
Ұстаз деген – осындай бір ұлы есім.

**************************************

Ұстаз туралы нақыл сөздер

Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз.

Л.Н.Толстой

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.

Мағжан Жұмабаев

Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.

Ж.Ж.Руссо

Ұстаз – ұлы есім

М.Әуезов

Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады.

К.Д.Ушинский

Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады

В.А.Сухомлинский

Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс.

Ы.Алтынсарин