Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, оқу-жаттығулар 24-29-тамыз аралығында Маңғыстау облысында өтеді.
«Бұл жаттығулар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер армияларының оперативтік және жауынгерлік дайындығына бағытталған бірлескен шаралардың жоспарына сәйкес жыл сайын өткізіледі. Қазіргі оқу-жаттығулар антитеррорлық сипатта. Олар үш кезеңмен өткізіледі. Бірінші және екінші кезеңі — бірлескен командалық-штабтық шаралар болса, үшіншісі — тактикалық жаттығулар»,- дейді қорғаныс министрлігіндегілер.
Оқу-жаттығулардың тақырыбы — ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күш-құралдарының теңіздегі бірлескен операцияларын жүргізу мен оған дайындық. Оқу-жаттығулар барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге лайықты жауап қатуға арналған күш-құралдарды қолдану туралы шешімдерге дайындалу мәселелерін тәптіштеу межеленген.
«Шеп-2006» жаттығуларына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилері қатысады. Өзбекстанның Қарулы күштерінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. Оқу-жаттығуларға Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев қолбасшылық жасайды.
Бұған дейінгі біріккен оқу-жаттығулар 2005-жылғы көктемде Тәжікстанда өтті.