В. Челахқа қатысты сот отырысы барынша ашық жағдайда өтеді
Арқанкерген бекетіндегі оқиғаға байланысты Владислав Челахқа қатысты сот отырысы барынша ашық жағдайда өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті. |
«2012 жылғы 31 қазанда кісі өлтіру мен басқа да қылмыстарды жасау бойынша айыпталып жатқан В. Челах сотқа берілгендігі белгілі. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 9 бабы бойынша айып тағылуда. Материалдармен танысу кезінде В. Челах істің алқа билердің қатысуымен қаралуы жөнінде өтінім білдірді. Бұл іс үлкен қоғамдық резонансқа ие болғандықтан айыптау тарабы істің алқа билердің қатысуымен қаралу бастамасын қолдаған болатын. Дей тұрғанмен бүгін істі алдын ала тыңдау шеңберінде В. Челах және оның қорғаушысы істің сотта алқа билерінің қатысуынсыз қаралуы туралы мәлімдеді. Бұл олардың құқығы»,-деді Н. Сүйіндіков.
Ресми өкілдің пікірінше, алқа билердің қатысуынан бас тартуының түрлі себептері болуы мүмкін. «Ол жөнінде В. Челах және оның қорғаушыларында нақты және шынайы ақпарат өздерінде бар шығар. Бұл өзін-өзі қорғаудың белігіл бір тәсілі болуы мүмкін. Бірақ, дегенмен логикалық тұрғысынан алқа билерден бас тартып, соттың өзі қарасын деген мәлімдеме кәсіби сотқа сенім білдірген деген тұжырымдама жасауға болатын шығар»,-деді Н. Сүйіндіков.
Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте процесс барынша ашық жағдайда, істі қараудың жан-жақтылығы, тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы ұстанымдарын бұлжытпай сақтаумен өткізіледі. Белгілі болғандай, сот 19 қарашаға белгіленіп отыр. Барлық мүдделі тұлғалар сот отырысына қатыса алады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін