Оркестрлердің екінші концерті 3-ақпанда Нью-Йоркте өтеді.
Концерт бағдарламасына қазақ халқының тарихы мен бостандықсүйгіш рухын паш ететін Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлері, қазақстандық басқа да сазгерлердің шығармалары мен әлемдік классиканың біртуар туындылары енген.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаев : «Қазақстанды шетелдік жұртшылық көбінесе дүниежүзіндегі әлеуеті жағынан төртінші орындағы ядролық қару-жарақ қорынан өз еркімен бас тартқан, мұнай мен газдың бай қорына ие жас демократиялық мемлекет ретінде ғана біледі. Ал бұл жолғы концерт Қазақстанды көне әрі бай мәдениеті, өзгеге ұқсамайтын төлтума өнері бар бұған дейін беймәлім болып келген ел ретінде таныстырмақ. Біз қазақ өнерімен етене жақын кездесуден кейін америка жұртшылығы Қазақстанды өзге қырынан танып-біліп, өзара қарым-қатынасымыз одан бетер нығая, беки түседі деп сенеміз»,- деп атап көрсетті.
Құрманғазы атындағы оркестірдің бас дирижеры Айтқали Жайымовтың айтуынша, «кез-келген мәдениеттің ұлттық музыкасымен қауышу — елмен танысудың ең бір таптырмас тәсілі. Мұндай таныстық бұған дейін беймәлім болып келген әлемнің есігін ашып, ұлттық аспаптардың үні мен ұлттық саз түрлері өзінің шексіз-шетсіз әралуандығымен, стилистикалық ерекшеліктерімен, жанр және форма сұлулығымен баурап алатыны хақ».
Ал «Жеке орындаушылар академиясы» қазақ мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі Айман Мұсақожаеваның пайымдауынша, «алдағы концерттер АҚШ тұрғындарының өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, оларды үлкен жан рахатына бөлейтін болады».