Вашингтонда Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған іс-шара өтті
![]() |
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын тойлау аясында және Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 20 жыл толуына орай, |
Вашингтондағы Қазақстан Елшілігі үстіміздегі жылғы 16 маусымда американдық мәдени-ағартушылық ұйым «Things to Do-мен» бірлесе отырып, американдық қоғамды Қазақстанның тарихы, мәдениеті, экономикасы және саяси өмірінен хабардар ететін мерекелік іс-шара өткізді. Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстанның аса бай мәдени және тарихи мұрасы көрмеге қойылған сақтардың алтын бұйымдарының көшірмелері, бүгінгі қазақстандық зергерлердің туындылары, қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс заттары және сан алуан ұлттық киім нақыштары арқылы таныстырылды.
«Things to Do» ұйымының атқарушы директоры Грег Бланд өз сөзінде, Елшіліктің қазақ халқының мәдениеті мен тарихын кеңінен дәріптеп отырғанын ерекше атап көрсетті.
Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов мырза өз кезегінде, американдық қонақтарға еліміздің тарихы, экономикасы, саяси дамуы және сыртқы саясаты туралы баяндап берді. Елші қонақтардың назарын Қазақстанның саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жетістіктеріне аударып, мемлекет басшылығының қазақстандық қоғамды қайта жаңғыртуға бағытталған іс-шараларға тоқталып өтті. Қазақстандық дипломаттың сөзін ұйым тыңдаған американдықтар біздің елімізге саяхат жасауға және іскерлік мақсатпен баруға ниет білдірді.
Жиылған топ сонымен қатар Қазақстанның туристік жерлері туралы «Көшпенділердің Алтайдан Каспийге дейінгі іздері» атты бейнефильмді тамашалады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін