В.Божко: сейсмикалық нығайту мәселесіне көңіл бөлмеу - өкінішке әкеп соқтырады
Бүгінгі таңда республика бойынша 658 мектеп, 208 аурухана, 87 мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелер мен 1 мың 186 қоғамдық ғимарат, |
432 өндіріс ошақтары сейсмикалық жағынан нығайтуды қажет етеді. Бұл мәліметтерді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бүгін Парламент Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманы жетілдіру мен аймақтағы төтенше жағдайларға мемлекет тарапынан қолданылып отырған шараларға қатысты ұйымдастырған мәжілісі барысында келтірді.
Оның сөзіне қарағанда, қауіпті аумақтардағы басты проблемалардың бірі сейсмикалық жағынан нығайтуды қажет ететін нысандар болып табылады. «Тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық істер агенттігінің мәліметтерінше, сейсмикалық жағынан қауіпті аймақтардағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлер саны 2 мыңға жуықтайды. Бұған қоса аталған аймақтарда көптеген нысандар күрделі жөндеуді қажет етеді, ал кейбірінің пайдалану мерзімі біткен. Осы ретте мен Парламент депутаттарынан аймақтағы мәслихат депутаттарымен кездесулері барысында оларға бюджетті жоспарлау кезінде сейсмикалық нығайту шараларына қомақты қаржы бөлу қажеттігін айта жүруді сұраймын»,-деді министр.
Сондай-ақ ол сейсмикалық нығайту қазіргі таңда аймақтарда аса маңызды емес мәселелердің қатарына енгізіліп, сейсмикалық нығайту шаралары шектен тыс нашар жүріп жатқандығын жеткізді.
«Соңғы уақытта Алматы қаласы маңындағы Іле Алатауының таулы аймақтарында лай көшкінінің қаупі артып отыр»,
дейді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко. Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының мәжілісінде айтты.
В.Божконың сөзіне қарағанда, қазір Алматыда жауын-шашын молынан жауып жатыр. «Бізде қазірдің өзінде кейбір аймақтарда лай көшкіні ақырындап жылжи бастағандығы жөнінде мәлімет бар, Төтенше жағдайлар министрлігі осы қауіп-қатерлерді геологиялық қызметпен және әкімдіктермен бірлесіп, жіті бақылап отыр»,-деді ол.
Алматыда жыл сайын тіркелетін төтенше жағдайлардың 85-90 пайызын өрт оқиғалары құрайды.
Алматыда барлығы 13 өртке қарсы күрес бөлімі бар. Олар қаланың тек 50 пайызының ғана қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарлы. «Алып шаһарда қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету үшін 26 өртке қарсы күрес бөлімдері болуы тиіс. Сондай-ақ Астанада осындай 20 бөлім қажет болса, бізде бары -10. Мен бұл туралы 4 жыл бойы айтып келемін. Әрине, бұл бағытта аздаған ілгерілеушіліктер бар. Биылғы жылы біз Алматы мен Астанада өртке қарсы күрес деполардың құрылысын бастадық. Биыл ол бірді-екілі ғана болса, келесі жылы олардың саны біршама арта түседі. Осы бағыттағы жұмыстарға депутаттар белсенді көмек көрсетсе екен», - деді министр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін