В.Челахты адвокаты кінәсіз деп тануды сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
В.Челахты адвокаты кінәсіз деп тануды сұрады

В.Челахты адвокаты кінәсіз деп тануды сұрады

Челах сот залынан босатылуы тиіс. Бүгін Арқанкергенде 15 адамды өлтірді деп айыпталған сарбаздың адвокаты Жұмағайша Саржанова оны кінәсіз деп тануды сұрады. Айта кетейік, қорғаушы тарапқа берілген бүгінгі соңғы сөзге Челахтың басқа екі адвокаты қатысқан жоқ. Бүгін сондай-ақ осы Арқанкергенмен байланыстың үзілгенін жасырды деп айыпталған Сарыбөктер заставасының бастығына қатысты сот ісі де жалғасты. Мұнда жарыссөз аяқталып, Алексей Фоминге соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берілді.

  • 11 Желтоқсан 2012
  • 379
Фото - Caravan.kz

Жұмадан жалғасқан жарыссөзде мемлекеттік айыптаушылар мен жәбірленушілер сөз алған еді. Арқанкергендегі қылмысты 20 жасар Челах қылды деп қадап айтқан олар, және айыпталушы өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылсын деп сұраған судьядан.

Сол жолы жарыссөзге жақсылап дайындалуым керек деген адвокат Серік Сәрсеновке дүйсенбіге дейін сұраған-ды. Бүгін ол Челахты ақтауға атсалысады деп күтілген. Бірақ қыңыр қылық шығарудан алдына жан салмайтын Сәрсенов мырза бүгін де сотқа келмей қалды. Әріптесі Серік Естияров дайынмын, бірақ айыпталушы Челах сотта сөйлеуіме қарсы деді. Үшінші адвокат ретінде өткен аптада іске қосылған Жұмағайша Саржанова ғана бүгін айтарын айтты. Қорғауындағы азаматтың кінәсіздігін тізе келе, оны сот залынан босатуды сұрады. 

Жұмағайша Саржанова, В. Челахтың адвокаты:

Менің қорғауымдағы Владислав Челахты Арқанкерген шекара бекетін өртегені және заңсыз қару асынып жүргені үшін кінәлі деп табуды сұраймын. Ол өзі аталмыш қылмыстарын мойындаған. Алайда он бес адамның өмірін жалмағаны жоққа шығарылсын. Оған ешқандай дәлел жоқ. Және Челах жас бұған дейін қылмыстық іске тартылмағанын ескере келе сот залынан бостандыққа жіберуді сұраймын. Оған қоса одан жәбірленушілер сұраған моральдық шығынды қарастырмай кері қайтаруды да сұраймын сізден судья.

Бүгін үш тәулікке жуық жанып күлге айналған Арқанкерген туралы қаралы ақпарды екі тәулік жасырды деген Алексей Фоминге де қатысты сот процесі жанданды. Сарыбөктер шекара заставасын басқарған Фоминді ақтау үшін адвокаттар аянып жатқан жоқ. Қайта жанданған қылмыстық іс бүгін түске дейін тәмамдалып, жарыссөз болды. Прокурор бұрынғы пікірінен айнымады, 10 жыл абақтыға жабылсын деді Фомин. Қорғаушылар қашанғыдай Арқанкерген үшін Сарыбөктер заставасы емес шекара отрядының жауап беруі тиіс екенін қайталап айтты. Және Үшаралдағы шекара отрядының қанды қылмыс болған кездегі бастықтарын шақыртқан екен бүгінгі сот отырысына. Бірақ олардың барлығы аяқасты ауырып қалыпты. Қас қарая ғана Алексей Фомин өзінің ақырғы сөзін айтып сот процесін тәмамдады.


Алексей Фомин, айыпталушы:

— Алдымен Арқанкергенде қаза болған сарбаздардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамын. Капитан Кереев менің жақын досым болатын. Ал өзіме қатысты қылмыстық істе ешқандай кінәм жоғын қайталап айтамын. Маған тағылған айыптардың ешбірі дәлелсіз, тіптен арасында байланыс та жоқ. Ешқашан Арқанкерген үшін жауап бермеген Сарыбөктерді бастарына күн туғанда шенді әскери қызметкерлер сатып кетіп отыр.

Сот процесіндегі жарыссөзде Алексей Фоминнің қорғаушылары бір талап тілек білдірді бүгін. Олар Үшаралдағы шекара отрядының бастығы мен штаб бастығын қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады судьядан. Аталмыш арыз сот шешімінде тайға таңба басқандай көрсетілмек. Сот тергеуінің аяқталғанынан жиналғандарды хабардар еткен судья қара қылды қақ жаратын ақырғы шешімнің осы аптаның сәрсенбісінен кейінге қалдырылмай шығатынын айтты.