"Верный.KZ" ЖШС үлескерлері компанияның құрылтайшысы мен бұрынғы директорын қамауға алуды талап етуде - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Верный.KZ" ЖШС үлескерлері компанияның құрылтайшысы мен бұрынғы директорын қамауға алуды талап етуде

"Верный.KZ" ЖШС үлескерлері компанияның құрылтайшысы мен бұрынғы директорын қамауға алуды талап етуде

Алматы. 21 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - "Верный.KZ" ЖШС үлескерлері компанияның құрылтайшысы Жанат Ақбиев пен бұрынғы директоры Майя Әбішеваны қамауға алуды, сондай-ақ, компанияның жауапты қызметкерлеріне қарсы қылмыстық істер қозғауды талап етуде. Бұл туралы кеше баспасөз мәслихатында үлескерлердің өкілі Айжан Жанқоразқызы мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

  • 21 Тамыз 2008
  • 531
Фото - Caravan.kz

«Біз М. Әбішева мен Ж. Ақбиевтің қамауға алынуын және директордың риэлторлық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Есеноваға қарсы қылмыстық іс қозғауды талап етеміз», — деді А. Жанқоразқызы.

«Біз 31 мамырда Ақбиев пен Әбішева қамауға алынсын деп прокуратура мен қаржы полициясына 96 адамның қолы қойылған хат жолдағанбыз. Алайда, олар осы күнге дейін бостандықта жүр», — деп атап көрсетті үлескерлер өкілі.

Оның айтуынша, «Верный.KZ» компаниясының қылмыстық ісі бойынша тергеуде ашықтық жоқ. «Бұл тергеулерде ашықтық жоқ. Мен апта сайын қаржы полициясының аға тергеушісімен сөйлесемін және ол жерге қандай мәліметтер келіп түсетінін білемін. Соңғы уақытта біздің екі тергеушіміз алмасты. Неге деген сауалға нақты жауап берілген жоқ», — деді үлескерлер өкілі.

Сонымен қатар, оның айтуынша, компанияның бұрынғы жауапты қызметкерлерінің сейсенбі күні өткізген баспасөз мәслихатында директордың риэлторлық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Есенова үлескерлерді тіпті өз туыстарының қатарынан тартқаны жөнінде хабарлады. «Біздің мәліметтеріміз бойынша Есенованың туысы ретінде көрсетілген екі-ақ адам бар. Бізде олар келісімшарт бойынша ақшаның азғантай ғана бөлігін берді деген мәлімет бар. Ал біз болсақ ақшаны түгелімен бердік. Оның таныстарының қатарында ақшаларын қайтарып алғандар бар. яғни, ол, оның ішінде, оның әпкесі Рахат Есенова оларға көмектескен».

«Осы жауапты қызметкерлердің барлығы жылжымайтын мүліктерді өздеріне, жеке тұлғадан заңды тұлғаға және керісінше рәсімдеген. Алаяқтық деп аталатын іс-қимылдарды барлығы жасады. Олар неліктен жауапкершіліктен құтылулары керек? Ақбиев бастаған осы топ жауапты қызметкерлерімен, материалдық жауапты тұлғалармен, компаньондарымен бірге — барлығы да жауапкершілікке тартылуы тиіс. Көршілес Ресейде тура біздің осы айтқанымыз істелген», — деді «Әділет» демократиялық партиясының шағын және орта бизнес мәселелері жөніндегі департаментінің директоры құқық қорғаушы Василий Резван.

Сонымен қатар, үлескерлер Талғар аудандық сотының судьясы А. Сағымбековаға қарсы арнайы тергеу басталғанын талап етеді. Үлескерлер оларды ар-ұяттан жұрдай құрылыс компаниясы жұмсаған ақшаның қандай да бір бөлігін қайтарудың соңғы үмітінен айырғылары келеді деп мәлімдеуде.

Олардың айтуларынша, олардың талаптарын қамтамасыз ету мақсатында Ақбиевтің жеке мүлкіне, оның ішінде, Алматының сәлеуетті жоғарғы бөлігінде екі гектар жерде орналасқан сымбатты сарайға арест қойылған.

«Содан бізге Талғар аудандық сотының судьясы А. Сағымбекованың 2008 жылдың 7 тамыздағы үкімімен осы сарайдың арестен босатылғаны жөнінде естідік. Ақбиев оны арест қоярдың алдында сатып жіберген дейді! Біз мұның қасақана жауапкершіліктен қашуға бағытталып ойдан шығарылғандығын жақсы түсінеміз. Үйдің құнына қарап-ақ қорытынды шығаруға болады. Ақбиев тапсырыс берген баға жөніндегі есепке сәйкес, жер телімі бар үй 2008 жылдың ақпан айының соңында 7 млн АҚШ доллары шамасында тұрған. Ақбиев оны 10 есе арзанға сатқан! Алайда сот мұндай жайттарға көңіл аудармауды жөн санаған», — деп реніштерін білдірді үлескерлер.

Олар атап көрсеткендей, мүлікке мәміле (заңға сәйкес, мәміле тіркелген уақытынан бастап жасалды деп есептеледі) жасалардан бұрын оған арест қойылып тіркелген. «Алайда судья Сағымбекова тіркеуге алынардан бұрын сатып алушыны мүлік иесі деп таниды! Бұл қарама-қайшылықты ешбір заңгер түсіндіріп бере алмайды! Біз мұны жай ғана судья Сағымбекова осы мүліктің Ақбиев пен оның сатып алушысына қайтып оралуына мүдделі болған деп түсіндіреміз… Сондықтан, судья заңды бұза отырып, бізге қарастырып жатқан ісі жайлы хабарламаған және бізді оған қатыстырмаған», — деп есептейді үлескерлер.

«Біз судья Сағымбековаға қарсы арнайы тергеу ұйымдастыруды талап етеміз. Біз Елбасы бұл судьяны заңды өрескел бұзғаны үшін қызметінен босатуы тиіс деп есептейміз», — деді үлескерлер.

Үлескерлердің барлық талаптары «Әділет» демократиялық партиясының саяси кеңесінің Бас прокурор Рашид Түсіпбековтың атына жолдаған арыздарында көрсетілді. Партия өкілдері «Верный.KZ» ЖШС құрылтайшысы мен лауазымды тұлғаларына қатысты процессуалдық шешім, сондай-ақ, ҚР заңнамасына сәйкес үлескерлердің мүліктік талаптарын қамтамасыз ету шараларын қабылдауға ықпал етуді өтінеді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Верный.KZ» ЖШС бұрынғы қызметкерлері компания құрылтайшысы Жанат Ақбиевтің әрекеттеріне өздерінің қатысы жоқ екендігін дәлелдеуде. «Біз (оның ішінде мен де бармын) «Верный.KZ» компаниясының басшысы Жанат Ақбиевтің шешімдері мен бұйрықтарының техникалық атқарушылары ғана болдық. Мен басшы берген тапсырмалар мен міндеттерді орындамай алмадым», — деді «Верный.KZ» ЖШС бұрынғы директоры Майя Әбішева.

Оның айтуынша, олар ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың атына хат жолдаған. Онда олар «Верный.KZ» компаниясының үлескерлерінің байланысқан шырғалаңын шешуді өтінеді.

«Бұрынғы жұмысшылардың компанияның үлестік келісімшарт бойынша өзіне жүктеген міндеттемелерін орындауды бірнеше мәрте талап етулеріне Ақбиев өзі алған қаражаттың орнын толтыруға және жобаларды жүзеге асыруға уәде берген», — деп айтылады хатта.

М. Әбішева, директордың құрылыс жөніндегі орынбасары Вячеслав Буцких, директордың риэлторлық жұмыс жөніндегі орынбасары Ләззат Есенова үлескерлер проблемасы шешілмей жатыр деп есептейді. «Ақбиев мырза қалыптасқан жағдайдың барлық жауапкершілігін күш құрылымдарындағы таныстары мен байланыстарын пайдалана отырып бұрынғы қызметкерлерге аударғысы келеді. Ақбиевтің өзі ешқандай жазаға тартылмайды», — деп жазылған хатта.

Қорғаушы Сергей Уткиннің хабарлауынша, «Верный.KZ» компаниясы шамамен 1,5 миллиард теңге жинаған. «Осыншама ақшаның қазір қайда екені беймәлім. Бұл 200-ден астам үлескердің қаражаты», — деп атап көрсетті ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар