VIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесі ешкімге бұйырмады - kaz.caravan.kz
  • $ 511
  • 602.72
-8 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
VIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесі ешкімге бұйырмады

VIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесі ешкімге бұйырмады

Айналасы бір аптаның ішінде Алматыда VIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі де аяқталды.

  • 26 Қыркүйек 2012
  • 793
Фото - Caravan.kz

Биылғы кинофестивальдің Гран-При жүлдесі ешкімге берілмегені жайлы баяндамас бұрын, оның аясында айта қаларлықтай қандай оқиғалар өткенін өрнектеп көрелік.

Оңтүстік астанаға Еуразия кеңістігіндегі соңғы жылы түсірілген ең үздік картиналарды алып келетін аталмыш кинофестиваль қай кезде де әлемге танылған айтулы қонақтарымен қадірлі. Ал биыл қаланың киносүйер қауымы Ресей кинематографиясының қазіргі көрнекті өкілдерінен Нонна Гришаева, Алиса Гребенщикова, Дарья Повереннова, Егор Пазенко, Даниил Белых, Денис Никифоров және Андрей Руденский сынды жандарды көрді.

Дегенмен, қызыл кілем үстін­дегі жұлдызды шеруде көрер­мен­дердің өлшеусіз қошеметі Олимпиада чемпионы Илья Иль­ин мен «Жаужүрек мың бала» картинасының актерлеріне көр­се­тілді.

Атышулы қонақтардың тізімі мұнымен шектелмейді. Амери­калық актер Деннис Хейс­берт­тің Алматыға келетінін, «Троя» сынды әйгілі кинотуынды түсір­ген голливудтық режиссер Вольф­ганг Петерсен қазылар алқасы­на жетекшілік ететіндігін бұған дейін де жазғанбыз. Кинофестиваль мәреге жетіп, жеңімпаз­дар­ды марапаттайтын күні көптен күттірген қонақтардың бірі — атақты «Үндіқытай» фильмінің актері, «Оскар» иегері Венсан Пе­рес те (Швейцария) келіп жетті.

Жер-көктің бәрінен шақырту алып, аяқ-қолдары жерге тимей тұрған кино жұлдыздары Қазақ­станға қонақ болу үшін ғана келе салған жоқ. Жаңа жобалар, жаңа идеялар мен тосын келбет иеле­рін «аулап» жүрген адамның бірі — халықаралық қазылар алқа­сына жетекшілік еткен Вольфганг Петерсен екен. Ол киноапталық аясында сұхбат берген күндердің бәрінде қазақ режиссері Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласын» көргенін, қазақ актерле­рінің бет пішіні ерекше тартымды екендігін атаған болатын. «Мен қазақтардың келбеті ға­жа­йып деп есептеймін. Қазақстан кинематографиясын әлем тануы тиіс», деген болатын Петерсен мырза. Голливуд режиссері осы мәлімдемесі арқылы келешекте түсірілетін картиналарына қазақ актерлері түсуі мүмкін екенді­гіне емеурін білдірді.

Аталмыш кинофестивальдің тағы бір ерекше тұсы қазақ кинематографиясының алыбы — актер Асанәлі Әшімовтің 75 жыл­ды­ғы болатын. «Еуразия-2012» аясын­да мерейлі жасқа келген актерге америкалық әріптесі Ден­нис Хейсберт «Қазақ кино­сы­ның аңызы» деген мүсіншені табыс етті.

Енді мына мәселені айтайық. Қыркүйектің 21-і күні Алма­ты­дағы Республика сарайында салтанатты түрде жабылған кино­фестивальдың Гран-При жүлдесі биыл берілмеді. Әдетте жыл са­йы­н «Еуразия» кинофестиваліне 12 картина қатыстырылатын. Алайда, биылғы кинобәсекеде 11 фильм бақ сынады. Өйткені, халықаралық кинофестивальдың басталуына санаулы күндер қалғанда ресейлік дистрибьютор — «Русский репортер» компаниясы «Аңшылық» картинасын ки­нофестивальға ұсына алмай­тын­дығын жеткізген. Кезекті «Еуразия» кинофестивалінің жабылу салтанатында осы кинофестиваль­­дың директоры болып табылатын әрі «Қазақфильм» киностудиясы АҚ президенті Ермек Аманшаев биыл Бас жүлде еш­қандай картинаға бұйырмайтын­дығын мәлімдеді. Есесіне «Ең үздік режиссерлік жұмыс» жүл­десі екі бірдей режиссерге беріл­ді. Қазылар алқасы мұндай дәреже Түркиядан келген Учкун Алперге «Мәңгіліктің шегі жоқ» картинасы мен Франция, Польша, Германия бірігіп шығарған «Сырыңды ашып айту» фильмі үшін Малгожата Шумовскаға лайық деп шешім қабылдаған.

Ал ФИПРЕССИ жүлдесін Алексей Мизгиревтің «Конвой» (Ресей) лентасы алды. Бұл картина мұнан да бөлек тағы бір бәйгені иемденді. «Конвой» фильмінде басты рөлде ойнаған қазақ актері Азамат Нығманов «Ең үздік ер адам рөлі» сый­лы­ғы­на лайық деп табылды. «Ең үз­дік әйел адам рөлі» жүлдесі «Сырыңды ашып айту» картинасында басты рөлдердің бірін ой­наған Анаис Демустьеге берілді.

Дәстүр бойынша кинофести­вальдың жабылу салтанатында Гран-Приді жеңіп алған фильм көрсетілетін. Жоғарыда атап өт­кендей, Бас жүлде ешкімге берілмегендіктен, бұл шара «Жау­жүрек мың бала» картинасының салтанат құруымен аяқталды.

Осы арада Оскар сыйлығына ұсынылған «Жаужүрек мың бала» картинасын шетелдік БАҚ голливудтық ассоциациясының жетекшісі «Алтын глобус» кино­жүлдесіне ұсынатындығын мә­лім­деді. Ал бұл жүлде дәрежесі жағынан әлемдегі «Оскар» мен «Грэмми» жүлделерінен кейінгі үшінші орындағы беделді байқау екендігін айту жеткілікті.

Халықаралық «Еуразия» ки­нофестивалі 1998 жылдан бері өткізіліп келеді. Жылына бір рет жарық көретін «International Film Guide» журналы 2012 жылы «Еуразия» кинофестивалін әлемдегі көшбастаушы 35 кино­фестивальдың қатарына қосқан.

Перейти к новостям спорта