«Виктор Ющенко үшін Украинаның 17 ауданы мен шетелдердегі сайлау округтерінде дауыс берілді. Ал Виктор Янукович 10 аймақта басым дауысқа ие болды»,- деп мәлімдеді Украина Орталық сайлау комиссиясының басшысы Ярослав Давыдович.
Қорытынды хаттамаға сәйкес, В. Ющенко 51,99% дауыс (15 115 712), ал В. Янукович — 44,2% дауыс (12 848 528) жинаған. Сайлаушылардың 2,34%-і (682 239) екі кандидатқа да қарсы дауыс берген. Сайлауға барлығы 29 068 971 адам қатысты.
Президент сайлауында дауыс беру қорытындысы туралы қаулыны бекіту үшін Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің басым көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 15 адамның 13-і дауыс беріп, 2 адам қалыс қалды.
Украина Орталық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдемесі бойынша, жаңа президент сайлауы демократиялық ахуалда, конституция мен ел заңдары бұзылмай дұрыс өтті. Сондай-ақ, Украина Жоғарғы соты мен облыстық аппеляциялық соттарда В.Януковичтің орталық сайлау штабынан жолданған арыз-шағымдар қаралды. «Олардың бәрі де қаралды, бірақ қанағаттандырылған жоқ»,- деді Я.Давыдович.