Винокуров ісіне қатысты алғашқы сот тыңдауы алдағы бейсенбіге белгіленді
|
Бүгін Бүкіләлемдік бокс сериясының үшінші маусымы шымылдығын көтереді. Жаңа жобадағы белді клубтардың біріне айналып үлгерген «Астана арландары» алғашқы матчты Киевте жергілікті «Украина атамандарымен » өткізеді. Украина астанасындағы матчтық бәсеке Астана уақытымен түнгі 24:00 басталады.
23-қыркүйек күні Лозаннада өткен соқыр жеребе «Астана арландарын» серияның былтырғы жеңімпазы «Milano Thunder» (Италия) , German Eagles» (Германия), «British Lionhearts» (Англия), «USA Knockouts» (АҚШ) және «Украина атамандарымен» бір топқа тоғытыпты. Байқап қарасаңыз топтық раундтағы қарсыластарымыз шетінен мықты. Киевтегі кездесуді 54 келідегі боксшылар жұбы ашып береді. Бұл салмақта «арландардың» намысын Мирас Жақыпов қорғаса, алаң иелері Иван Ильницкийге сенім артыпты. 61 келіде Вячеслав Кислицын- Ержан Мүсәпіров, 73 келіде Дмитрий Митрофанов пен астаналық Сергей Деревянченко, ал 85 келіде Денис Пояцика біздің ирандық легионеріміз Эхсан Роузбаханимен жұдырық түйіссе, 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жергілікті клубтың өкілі Ростислав Архипенко мен «Астана арландарының» алыбы Филип Хргович кездеседі.
Винокуровқа 2010 жылғы «Льеж-Бастон-Льеж» велододасындағы жеңісі пәле боп жабысқан сыңайлы. Олай дейтініміз Италияның құқық қорғау органдары сол жолы Винокуров, жеңісті сатып алған деген айып тағып отыр. Дәлірек айтсақ, біркүндік классикалық додадағы жеңісі үшін жерлесіміз, екінші орын алған «Катюшаның» лидері Александр Колобневке 150 мың евро төледі-міс.
Осы оқиғаға қатысты алғашқы тыңдау 22 қарашаға белгіленді. Бұл отырысқа велоспортшылардың адвокаттары және «Астана» мен «Катюша» командаларының өкілдері қатыса алады. Ал 7 қаңтарға жоспарланған сот отырысына басты кейіпкерлер Александр Винокуров пен Александр Колобнев міндетті түрде қатысуы тиіс. Естеріңізде болса, бұдан бұрын қазақстандық велошабандозды швейцариялық түрлі-түсті журнал L’Illustre айыптаған болатын. Онда «Льеж-Бастон-Льеждегі» жеңісі үшін Винокуров, ресейлік спортшыға 100 мың евро санап бергені айтылғанды. Бірақ Халықаралық велошабандоздар одағы бұл істі тексеруден бас тарқан еді.
Америкалық Джефф Монсон аралас жекпе-жектен ресейлік Александр Емельяненконы жер иіскетті.
“ММА” тұжырымының 15 жылдығына орайластырылған бұл кездесу Петербор қаласында өткен болатын. 40 жастағы америкалық бір жыл бұрын Александрдың ағасы Федор Емельяненкодан оңбай ұтылған. Сол есені қайтаруға келген Монсон бұл жолы өз дегеніне жетті. Алғашқы раундта тең түскен қарсыластар екінші раундта аянып қалған жоқ. Оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған жұлдызды жолақ елінің өкілі ресейлікті буындыру әдісімен шарасыз қалдырды. Естеріңізге сала кетсек, Александр Емельяненко алдағы уақытта қазақстандық Төлеген Ақылбековпен қарымта кездесу өткізбек.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін