Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстандықтар ХІХ халықаралық «Витебскідегі славян базары» фестивалінен жүлдемен оралды» деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында «Витебскідегі славян базары» фестивалінің Қазақстандағы ресми өкілі, мәдениет қайраткері Қарлығаш Әбдікәрімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетсек, «Витебск-2010» эстрадалық ән байқауы шілденің 7-сі мен 16-сы аралығында өтіп, оған 34 елдің, Армения, Беларус елі, Болгария, Босния, Герцеговина, Грузия, Қазақстан, Куба, Литва, Македония, Молдова, Польша, Ресей, Румыния, Сербия, Словакия, Украина сынды елдердің өнерпаздары қатысқан болатын. Фестивальдің тұсау кесері мен бірінші күні әр әнші өз мемлекетінің әндерін орындаса, екінші күні байқау тәртібі бойынша қатысушылар Буларусь елінің ұлттық концерт оркестірінің сүйемелдеуімен славян тілінде ән орындап, сайысқа түскен болатын. Беларус елінде Қазақстан атынан қатысқан әнші Динара Сұлтан жүлделі үшінші орындарды иеленіп қайтса, балалардың ән байқауына қатысқан жеті жасар Айару Орманова да лауреат атанып, 3-ші орынды қанжығасына байлап қайтты.
«Динара Сұлтан елімізде өткен іріктеуден өтіп, 28 үміткерден озып шыққан болатын. Ол бұл байқауда да асқан шеберлік танытты. Оған славян тілінде орындау оңайға соққан жоқ, дегенмен, ол сыннан сүрінбей өтіп, байқау лауреаты атанды. Лайықты өнер көрсеткен Динара бұл атақпен қоса, Беларусь және Ресей Одақтас мемлекеттерінің жеке диск жазу үшін тағайындалған арнайы 250 000 рубль сыйлығына ие болды. Ал, Халықаралық «Бозторғай-2009» балалар ән байқауының гран-при иегері, жеті жасар Айару өзінің тамаша дарын иесі екенін дәлелдей білді. Біздің Айару қатысушылардың арасында жасы жағынан ең кенжесі болғанына қарамастан, жүлдегер атанды», деді «Витебскідегі славян базары» фестивалінің Қазақстандағы ресми өкілі, мәдениет қайраткері Қарлығаш Әбдікәрімова.
Оның айтуынша, он тоғыз жылдық тарихында «Витебскідегі славян базары» фестивалі әлемдегі маңызды оқиғалар қатарына кіріп үлгерген. ««Славян базарының» қайталанбас бет-бейнесі, адамдарды өзіне баурап алатын өзіндік дәстүрі бар. Витебск фестивалінің осыншалықты табысты да тартымды болуының себебі осында. Онда ешқашан коммерциялық мүдде алғашқы орынға қойылмайды. Фестиваль ән өнерінің қай бағытта өзгергеніне қарамастан өнер иелерінің еркіндігін сақтап, оларға үнемі қолдау көрсетуді көздейді», деді ол.