Владислав Челах. Сот. Бейсенбі.
![]() |
Челах анасының алдында «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қызметтестерін өлтіргенін мойнына алған. |
Бейсенбі күні Талдықорғанда «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 қызметтесі мен қорықшыны өлтірді деп айыпталған Владислав Челахтың сотында ерекше бейнематериал көрсетілді. Онда В.Челахтың анасы ұлының өз аузынан сол күні қызметтестерін өз қолымен қырып салғанын естиді.
Анасы Светлана Ващенконың: «Сен неге біреудің қылмысын мойныңа аласың?» деген сұрағына В.Челах: «Мама, бұл менің кінәм. (...) Шын айтамын, мама, менікі. (...) Мама, мен ешкімді қорғаштап отырған жоқпын. Бұған толығымен мен айыптымын. (...) Онда тірі жан қалмады. Мама, менің кінәм» деп жауап берген.
Шекарашы Владислав Челахтың атасы Талдықорғанның тергеу оқшаулағышында немересінің камераластарына өз қызметтестерін қалай өлтіргенін айтқанының бейнежазбасының түпнұсқалығына сенбейді.
«Бұл бейнежазба жақсылап қолдан жасалған нәрсе. В.Челахты «қолға түсіретін» мықты тергеушіні отырғызған. Оны бәрін айтуға мәжбүрлейді. Жоғары лауазымды адамдарға келіп әңгіме тірелгенде түсірілім күрт үзіледі», - деп айыпкер Владимир Челахтың атасы бүгін сот отырысы арасындағы үзілісте журналистерге мәлімдеді.
Ол бейнежазбалардағы немересіне ұқсайтын басқа адам екенін айтады. «Кей жерінде оның өзі, кей жерінде ол емес. Өйткені менің ұлым солақай емес, ал ондағы жігіт солақай екені көрініп тұр. Қажет жерінде оған ұқсайтын басқа адамды түсірген», - дейді атасы.
Челахтың атасы Талдықорғанның тергеу оқшаулағышында жасырын бейнебақылау жүргізілгеніне наразылық білдірді. «Айыпкердің ізіне түсіп, бейнетүсірілім жүргізілетіні қай Конституцияда жазылған?», -деп ол кейістік таныта отырып, бейнематериалдарға өзі сараптама жүргізгісі келетінін айтады.
«Мен бейнежазбаларды тексеретін жерді табамын. Есі дұрыс сарапшылар бар Германия немесе Францияға, не болмаса Бельгияға жіберемін. Олар бәрін жариялайды», - деп қария қазақстандық сарапшылар жүргізген сараптамаға сенбейтінін айтады.
Ал Владислав Челахтың анасы Светлана Ващенко қайтыс болған шекарашылардың туыстарының қатысуымен ұлымен әңгімелескісі келеді.
«Мен қазір осында марқұмдардың туыстарының қатысуымен ұлыммен кездестіруді сұраймын», - деп С.Ващенко бүгін Талдықорғанда сот отырысының төрағасына отырған орнынан жан айқайын жеткізді.
Анасы ұлымен оңаша сөйлесуге бір минут та уақыт бермейсіңдер деп кейіді.
«Маған өз сараптамамды жүргізу үшін аудио- бейнежазбаларды беріңіздер. Егер ол Влад болса, неге маған жазбаны бермейсіңдер», - деп анасы ренішін білдірді. Ол бейнежазбада барлық қимылды сол қолымен жасады, ал менің ұлым солақай емес деп атап өтті.
Сонымен қатар, әйел сот отырысында өзіне ұлын қорғауға рұқсат бермегеніне наразылық білдірді. Ол бірде бір адвокат анасы сияқты қорғай алмайтынын айтты.
Күзетшілер судьяның тапсырмасымен С.Ващенконы сот залынан шығармақ болды, бірақ соңында оған залда қалуға рұқсат берді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін