Владислав Челах. Сот процесі. Бесінші күн.
![]() |
Республикалық адвокаттар коллегиясы Челах қорғаушыларын кәсіби адвокаттық этиканы сақтауға шақырады. |
Республикалық адвокаттар коллегиясы президиумының төрағасы атына Алматы облыстық адвокаттар коллегиясының адвокаты Төлеген Берліқожановтың үндеуі келіп түсті, деп хабарлайды Республикалық адвокаттар коллегиясының баспасөз қызметі.
Онда Т.Берліқожанов Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының мүшесі, «Арқанкерген» шекара бекетіндегі жаппай кісі өлімі бойынша айыпталушы Владислав Челахтың қорғаушысы Серік Сәрсеновтің кәсіби этика нормаларын өрескел бұзғандығы жайлы хабарлайды.
Челах анасының келісімімен айыпталушыны алдын ала тергеу кезінде адвокат Берліқожанов қорғаған болатын. Кейін іске кіріскен Сәрсенов бұқаралық ақпарат құралдары алдында бірнеше мәрте Берліқожановты өз қорғалушысын мойындайтын түсініктемелер беруге тартып жатыр, сонысымен қылмыстық қудалау органдарының мүддесін лоббилейді деп айыптаған. Сонымен қатар қорғаушы Сәрсенов Алматы облыстық адвокаттар коллегиясының мүшесі Асқар Мұхамедсадықовты «жалған адвокат» деп, көпшілік алдында абыройын төгіпті.
«Адвокат Берліқожановтың үндеуі Алматы қалалық адвокаттар коллегиясы президиумының қарауына жіберілді. Республикалық адвокаттар коллегиясы Челах ісімен айналысатын адвокаттың кәсіби қадір-қасиетіне күмән келтіріп, баға жасамайтынын атап өтті, алайда Сәрсенов жасаған мәлімдемелерге баға беруді қажетті деп санады», - делінген коллегия хабарламасында.
«Кәсіби қорғаушылардың жазылған және жазылмаған тәртіп ережелері бар. Адвокат басқа адвокаттың абыройына, ар-намысына немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөздерді көпшілік алдында айтпауы тиіс. Яғни, егер ол өз наразылығын бетпе-бет немесе коллегия отырысында, жұмыс тәртібінде айтса, бұл басқа шаруа. Егер де бұл наразылықты қорғалушының өзі айтса, бұл да болады. Алайда адвокаттың БАҚ алдында әріптестерінің кәсіби қадір-қасиетіне осыншама дөрекі түрде баға беруі орынсыз, - деп түсіндіріп өтті Республикалық адвокаттар коллегиясының төрағасы Әнуар Түгел.
Естеріңізге сала кетейік, сөз қорғалушы Челахтың адвокаты Берліқожановтың қызметінен бас тарту себебін түсіндірген Сәрсеновтің айтқаны туралы болып жатыр. Сәрсенов тілшілер алдында бұл әрекетті Челахтың Берліқожановқа сенбейтінінен және оның айыптауға «жұмыс жасап жатқаны» жайлы күдіктенетінен түсіндірді. Мұхамедсадыққа келетін болсақ, тілшілерге берген сұхбатының бірінде Сәрсенов Челахтың туысқандарына Мұхамедсадықтың орнына «дұрыс адвокатты» жалдауға кеңес берді.
«Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамның өмірін қиды деп айыпталушы Владислав Челахқа қатысты сот процесі бүгін сотталушының қатысуынсыз жалғасты. «Сотталушы ұстанымынан қайтқан жоқ. Сот залында отырғысы келмейтінін айтты», - деп мәлімдеді оның адвокаты Серік Сәрсенов.
Оның айтуынша, В.Челах соттың сұрақтарына жауап беруге дайын.
Ал, судья Ербол Ахметжанов сотты В.Челахтың қатысуынсыз жалғастыруды ұсынды.
Бүгін таңертең В.Челах сот залына күштеп әкелінген болатын. Бірақ, қарсылық көрсеткен соң сотталушы залдан шығарылды.
«Арқанкерген» шекара бекетінің командирі Алтынбек Кереевтің жесірі - Райхан Табылдиева айыпталушы Владислав Челахтан моральдық өтемақы өндіріп алу туралы арыз шағымынан бас тартты. Бұл туралы ол жұма күні Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында мәлімдеді.
Сот оның өтінішін қанағаттандырды.
«Маған одан да, мына адамдардан да (Челахтар отбасы) ештеңе қажет емес», - деді Р.Табылдиева сот отырысы арасындағы үзілісте журналистерге.
Өз кезегінде В.Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов қалай болғанда да айыпталушының моральдық шығын өндіріп алатындай дүниесі жоқ.
«20 жастағы бозбаладан ешкім ештеңе өндіріп ала алмайды. Оның мүлкі де, ештеңесі де жоқ», - деді ол журналистерге.
Адвокат жапа шегушілер шығынды мемлекеттен өндіріп алуы тиіс деп есептейді.
«Олар өз балаларын мемлекетке қызмет етуге жіберді. Мемлекет әр адамның өмір сүру құқын қамтамасыз етеді. Ал, бұл оқиғада әскери қызмет атқарып жүрген шекарашылардың өмір сүру құқы қорғалмаған. Шағымды мемлекеттен талап ету қажет», - деп атап өтті С.Сәрсенов.
Р.Табылдиева бұған дейін жазған шағымында моральдық шығын ретінде 5 млн теңге талап еткен болатын. Шағым бойынша В.Челах жауапты деп танылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін