Осымен бесінші рет бірде-бір ойында жеңіліс таппаған Талдықорған қаласының «Жетісу» командасы мерзімінен бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізді. Қазір олар турнир кестесінде 20 ойыннан кейін 57 ұпаймен барлық қарсыластарынан қара үзіп кетті. Одан кейінгі орында 37 ұпаймен «Астана» (Астана), 27 ұпаймен павлодарлық «Ертіс-Қазхром» және қоржындарында 14 ұпайы бар «Алматы» (Алматы) мен «Қарағанды» (Қарағанды) келеді.
Жалпы Асқар Шалқыбек жаттықтыратын «жетісулық» қыздардың Ұлттық лигадағы жеңісті сериясына 25 айдан асып отыр. Қатарынан 74 ойында қарсыластарының осал тұсын дөп басқан олар, енді 15-21 сәуірде өз алаңындағы ақтық 6-шы турға чемпион ретінде қатысатын болады.