Волейболға мемлекеттік қолдау қажет - Қазақстан құрамасының бас бапкері Г.Паршин - kaz.caravan.kz
  • $ 512.81
  • 604.19
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Волейболға мемлекеттік қолдау қажет - Қазақстан құрамасының бас бапкері Г.Паршин

Волейболға мемлекеттік қолдау қажет - Қазақстан құрамасының бас бапкері Г.Паршин

Бүгінгі таңда Қазақстан волейболының хал-жағдайы қандай, бас құрама алдында нендей міндеттер тұр?

  • 13 Ақпан 2012
  • 543
Фото - Caravan.kz

Осы толғақты мәселе жөнінде ҚазАқпарат тілшісі ел құрамасының бас бапкері, атақты маман, Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршинмен тілдескен еді.

-Қазақстан құрамасын өз ортамыздан өсіп шыққан ойыншылармен жасақтау басты міндет болып тұр, деді Геннадий Васильевич. Биыл ел құрамасы Азияның клубтық біріншілігіне, Қытай кубогіне, қыркүйек айында Азия кубогі ойындарына қатысады. Тек ойыншылар ғана емес, ел волейболына жаны ауыратын, соның дамуына сүбелі үлес қоса алатын жаттықтырушылар дайындау да — бас ауыртатын мәселе. Жасы келген, бірте-бірте қатардан шығып жатқан легионерлерді өз ойыншыларымызбен алмастырудамыз. Әрине, олардың өз қазанында қайнап піспей, халықаралық жарыстарға қатысып, шыңдалуы қажет. Өкінішке қарай, Қазақстанда ойыншы даярлау желісі үзіліп қалған. Мектеп, клубтардың жайын айтпай-ақ қоялық, жасөспірімдер, жастар құрамаларының дүние жүзі түгілі, Азия біріншіліктеріне қатыспағанына 15 жыл болған. Осыдан кейін нәтиже туралы сөз қозғаудың өзі артық. Кезінде бізде мықты волейбол дәстүрінің болғанын қазір екінің бірі біле бермейді. Мәселен, кеңес дәуірі кезінде тек Алматы қаласының өзінде 69 спорт мектебі жұмыс жасап тұрған. Оларда 7 мың өспірім спортпен айналысса, соның 2 мыңы волейболға барды. Қазір балалар бапкерлері жоқтың қасы. Жас жеткіншектердің бұрынғыдай спорт сарайларында тегін жаттығуына жағдай жасау керек. Мұны клубтар өздігінен шеше алмайды. Сондықтан волейболдың әлдеқашан толғағы жеткен мәселелеріне Үкімет араласуы қажет. Арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалса, тіпті дұрыс болар еді. Елімізде халықтың дене шынықтырумен айналысуы, салауатты өмір салтын орнықтыру үшін сарайлардың бос тұрмауы керектігі жөнінде Елбасымыз биылғы Жолдауында да қадап айтты. Ендеше, тез іске кірісу үшін бұдан артық не керек!? Мектептерде тамаша залдар бар, бірақ бапкер жоқтықтан жұмыс жүргізілмейді. Әр мектепте апта сайын болашағы бар балалар кемінде екі-үш рет жаттықса, арасынан дарындылары іріктеліп шығар еді.

Тағы бір айтатын жайт, ұлттық құрама үшін өзінің дайындық орталығы болуы тиіс. Және ол ұлттық лига командалары бар әр аймақ, қалада болғаны жөн. Соларда құрамаға үміткерлер үшін барлық жағдай жасалса, сол облыстардың намысын қорғайтын ойыншылар да көбейер еді.

Жалпы, біз ел біріншілігі барысында барлық үміткерлерді көзден таса етпейміз. Кезекті тур аяқталғаннан кейін ойыншыларды тестілеу сынағынан өткіземіз. Олардың психологиялық беріктігі де назардан тыс қалмауы, бұл үшін қосымша орталықтар ашу қажет.

Түптеп келгенде, елімізде спорттың осы бір әдемі түрін жоғары кәсіби деңгейде дамыту үшін теннистегідей, волейбол академиясы құрылуы тиіс. Бұл жөнінен үздік үлгілерді ала білген әлемнің көптеген елдері бізден көшілгері озып кетті, барымызды жойып алған біз артта қалып қойдық. Әрине, Қазақстан волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаевтың алдымызға қойып отырған талап-тілектерін барынша орындап келеміз.

«Қазақстан құрамасы негізінен ел чемпионы «Алматы» командасы есебінен жасақталып отыр, онда 12 ойыншымыз бар. Бұлардың бәрі дерлік — жас волейбойшылар. Бұрын он сегіз легионер болса, содан қазір біреуі ғана қалды. Басқа командалардан да көзге түскендерді тартып отырамыз. Мәселен, кезінде «Конденсаттан» — Антон Кузнецов пен Владимир Прокофьев, Виталий Вориводин, «Есілден» — Сергей Ембулаев, Сергей Костив, «Атыраудан» — Нариман Сүлейменов пен Нариман Әубәкіров, «Казхромнан» қазір «Шығыста» жүрген Максим Мамедовті алдық. Бойы бар, ойы бар дегендей, бұлар осы уақыт ішінде біраз көтеріліп қалды. Бірақ ойыншылардың шеберлігі ел біріншілігінде ғана емес, халықаралық жарыстарда анықталады. Азия, әлем біріншіліктеріне, тіпті келешекте олимпиада ойындарына қатысып, қазақ елінің мәртебесін асырсақ, арман не, бұған, әрине, уақыт керек. Және, қайталап айтамын, мемлекет тарапынан мықты қолдау қажет, волейбол Қазақстанның қай жерінде болсын жаппай қолға алынуы қажет дер едім», деп түйіндеді ойын Г.Паршин.

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера