Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, келісімге 3-ақпанда Баку қаласында қол қойылады деп межеленгені белгілі. Корпорация мен несие алушылар арасындағы құжаттар топтамасы 27 келісімнен тұрады.
Жобаға тартылатын несиелік қаржының жалпы көлемі несиелік проценттерді қоса есептегенде 2,6 млрд. долларды құрайды.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі мұнай құбырын салуға тұтастай алғанда 2,95 млрд. доллар қажет. (несиелік проценттерді қоса есептегенде жобаның жалпы құны 3,6 млрд. долларға бағаланып отыр).
Осы орайда естеріңізге сала кетсек, Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын салуға негізгі төрт топ несие бөледі. Бірінші топқа қамтылатын Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы тәрізді халықаралық қаржылық ұйымдар өздері қаржы бөлумен бірге коммерциялық банктерге кепілдік береді. Ал екінші топқа экспорттық-несиелік агенттіктер кіреді. Олар АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Италия және Франция тәрізді әлемдік алты алпауыт мемлекеттен материалдар мен құрал-жабдықтар сатып алуды қаржыландыруға коммерциялық банктерге кепілдік береді. Ал үшінші топқа жалпы саны 10-30-дың айналасындағы коммерциялық банктер кіреді. Қаржыландырушы төртінші топқа BP, Statoil, ConocoPhillips және Total тәрізді 4 ірі компания қамтылады. Олардың арасынан BP 500 млн. доллар көлемінде, ал Statoil 170 млн. доллардан кем емес мөлшерде несие бөлуге дайын.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP — 30,1%, ГНКАР — 25%, Unocal — 8,90%, Statoil — 8,71%, TPAO — 6,53%, ENI — 5%, Itochu — 3,40%, ConocoPhillips — 2,50%, INPEX — 2,5%, TotalFinaElf — 5% және Amerada Hess — 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.