Д.Берлібаевтың айтуынша, «Қазтеңізкөлікфлоты» мен Выборг кеме жасау зауыты арасындағы бас келісімге сәйкес Қазақстанның тапсырысы бойынша дедвейті 12 мың тоннаны құрайтын төрт танкер құрастырылады. Оларды жасап шығаруға 44 млн. доллардай қаржы жұмсалмақшы. «Қазтеңізкөлікфлоты» бұл мақсатқа өз қаржысын жұмсаумен бірге Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тартуға қадамдар жасауда.
Биылғы жылдың 11-желтоқсанында Выборгта «Қазтеңізкөлікфлотының» тапсырысымен құрастырылған қазақстандық тұңғыш «Астана» танкері салтанатты жағдайда елімізге өткеріп берілді. Дедвейті 12 мың тоннаны, ұзындығы 49 метр, ені 17,3 метр, жылдамдығы 10 узел болып табылатын танкердің жобасын Ресейдің «Вымпел» конструкторлық бюросы жасап шығарды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бір жылда салынып біткен «Астана» танкері 2004-жылғы 5-тамызда суға жіберіліп, қазірге дейін техникалық жабдықтау-жөндеуден өтті. Д.Берлібаевтың айтуынша, бұл танкер Қазақстанға 2005-жылғы көктемде жеткізілген. Мұнай танкері Ақтау-Баку және Ақтау-Махачкала бағыттарында қатынайтын болады.
Бас директордың түсініктемесіне жүгінсек, Волга өзенінің қатып қалуына байланысты танкерді дәл қазір Каспийге жеткізу мүмкін емес. «Қазтеңізкөлікфлоты» АҚ-ның басшылығы танкерді әзірге Балтық теңізінде пайдаға жарата тұру үшін қазір түрлі жүк жіберушілермен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Д.Берлібаевтың айтуынша, «Қазтеңізкөлікфлоты» отандық тұңғыш танкердің капитанын жұмысқа қабылдап, V Ships шипинг компаниясын жұмысқа тартты. Ол техникалық қолдауды жүзеге асыру және кеме құрамын оқыту істерімен айналысатын болады.
Ол сонымен бірге қазір Выборг кеме жасау зауытында тағы да «Қазтеңізкөлікфлотының» тапсырысымен құрастырылған қазақстандық екінші танкер — «Алматы» суға жіберуге дайын болды деп хабарлады. Кеме Қазақстан жағына 2005-жылғы көктемде табыс етіледі.
Қазір Қазақстандық компания мұнай тасымалы мақсатында Әзербайжан кеме шаруашылығының қарамағындағы 4 мұнай танкерін пайдаланып отыр. КАСПАР немесе Әзербайжан кеме шаруашылығы жүк сыйымдылығы әртүрлі 36 танкер мен әрқайсысының дедвейті 13,5 мың тоннаны құрайтын 2 жаңа мұнай танкерін иемденетін Каспийдегі ең ірі флоты бар шаруашылыққа саналады. «Қазтеңізкөлікфлоты» сондай-ақ Ресейден 4, Ираннан 2 мұнай тасымалдайтын кеме жалдап алған.