WhatsApp желісі арқылы құжат жолдаудың қауіпті екенін білесіз бе? - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
WhatsApp желісі арқылы құжат жолдаудың қауіпті екенін білесіз бе?

WhatsApp желісі арқылы құжат жолдаудың қауіпті екенін білесіз бе?

Ватсап арқылы құжат жолдау біз ойлағаннан әлдеқайда қауіпті болып шықты.

  • 9 Қаңтар 2020
  • 139
Фото - Caravan.kz


Жұмысымды жеңілдетемін деп, қарызға белшесінен батып жатқандар көбейді. Құқық қорғау органдары осылай деп дабыл қағып отыр. Өткен 2019 жылы интернет алаяқтыққа қатысты 7 мың қылмыс түрі тіркеліпті. Олардың басым бөлігінен зардап шеккендер әлеуметтік желі арқылы бір-біріне құжаттарын жолдап, ақыр соңында бармағын тістеп қалғандар.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.  

Айнымас серігімізге айналған телефонымызды қызғыштай қоримыз, ә! Себебі біздің бар құпиямыз осында сақтаулы. Сақтап қана қоймай, құнды деген құжаттарымызды да қаннен қаперсіз бір-бірімізге жолдап жатамыз. Бірақ біздің осындай аңғалдығымыз интернет алаяқтарының біраз шаруасын жеңілдететін көрінеді.

Әлеуметтік желі арқылы құжаттарын жолдап, аузы күйгендердің бірі елорда тұрғыны Забира Кадырова. Ватсаптан жеке бас куәлігінің көшірмесін жіберемін деп, басы бәлеге қалыпты.

ЗАБИРА ҚАДЫРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Хабарландыру бойынша бір қыз қоңырау шалып, курткаға тапсырыс берді. Сол сатып алған затының қайтарымы ретінде мойыныма несие іліп кетті. Мен ол туралы бір ай өткеннен кейін білдім. Просрочкаға шығып кеткен екенмін. Бір ай үш күн. Займ 90 мың теңгеге рәсімделіпті. Қазіргі уақытта шағын несие беретін ұйым менен 159 мың теңге талап етіп отыр».

Забираның интернет-дүкені бар. Шымкент қаласынан хабарласқан тұтынушы тауардың ақысын төлемек болып, карта нөмірі мен жеке бас құжатын сұрапты. Көп күттірмей, төлем де жасалады. Забира да тиісінше, тауарды курьер арқылы иесіне жөнелтеді. Ақыр соңында тауардан да, қаражаттан да қағылған жайы бар. Ал құқық қорғау органдары осы сынды алаяқтық түрлерінің көбейгенін айтып дабыл қағып отыр.

ӘЛІБЕК ОРАЗАЛЫ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПЕРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
«Жыл басынан бері осы кредиттік, ақшалай кредитті рәсімдейміз дегеннің өзі мыңға жуық арыз тіркелді. Әрине ол көбінесе халықтың өзі арыз-шағым білдірмейді. Қазіргі таңда тіркелгендері осы мыңға жуық. Олармен қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде».

Алаяқтардың арбауынан қалай сақтана аламыз? Мамандар әлеуметтік желідегі парақшалардың құпия сөзін жиі өзгертіп тұруға кеңес береді. Себебі ақпараттың қайнар көзі содан. Жеке бас құжаттарын желі арқылы жолдаған күннің өзінде түпнұсқаны емес, көшірмесін жіберу керек екен.

БАҚЫТЖАН ОМАРХАНОВ, ЗАҢГЕР:
«Каждыйын, әрқайсысын табу мүмкін емес. Болады, оннан бірі табылады. Оны дәлелдеу өте қиындау болады. Адамды табу өте қиын. Сондықтан, интернет арқылы тауар алғанда біріншіден ойланып, көріп өздеріңіз барып, болмаса, телефон шалып, сол адреске барып, анықтап алғандарыңыз жөн».

Елімізде жыл басынан бері интернетке қатысты 7000 қылмыс түрі тіркелген. Оларға берілетін жаза шығынның көлеміне қарай белгіленеді. 2019 жылы ашылған мыңға жуық интернет қылмысқа қатысы бар 388 азамат ұсталып, жауапқа тартылған. Ал олардың 160-ы бір емес-бірнеше адамды сан соқтырған көрінеді.

ӘЛІБЕК ОРАЗАЛЫ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПЕРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
«190 бап 2-ші бөлік, 190 тармағымен қарастырылған қылмыстық кодексте. Бұл жерде орташа қылмыс түріне жатқызылады. Және бұл 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады».

Ал, интернет алаяқтардың әрекетінен көбіне Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары жиі зардап шегеді, — дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар