WikiLeaks: Қазақстан АҚШ-тың логистикалық базасын Ақтауда орналастыруды ұсынған - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
WikiLeaks: Қазақстан АҚШ-тың логистикалық базасын Ақтауда орналастыруды ұсынған

WikiLeaks: Қазақстан АҚШ-тың логистикалық базасын Ақтауда орналастыруды ұсынған

Қазақстан Ауғанстандағы операцияны қамтамасыз ету үшін логистикалық базаны Ақтауда орналастыруды ұсынған, делінген ҚазТАГ танысқан АҚШ-тың дипломатиялық депешасында.

  • 6 Маусым 2011
  • 727
Фото - Caravan.kz

Депешаға сәйкес, Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі және қорғаныс министрлігі АҚШ-тың логистикалық базасын Ақтауда орналастыруды ұсынып, Қазақстан үкіметі реттейтіндей, Ауғанстандағы американдық контингент үшін сатып алуларды ұйымдастыруды көздеген.

«2009 жылғы шілденің соңында АҚШ армиясының көлік басқармасының қолбасшысы (USTRANSCOM) генерал Дункан МакНаббпен кездесуде Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Нұрлан Әбдіров АҚШ қамсыздандырудың солтүстік үлестіру желісі үшін (NDN) жергілікті әскери емес тауарларды сатып алуды, соның ішінде АҚШ-тың Қазақстандағы әскерлері үшін сатып алуларды Қазақстанда жүргізуді қолдағанын қуанышпен қабылдады. Әбдіров бұл шешім және оны орындау экономикалық және саяси дивиденділер алып келетінін айтты. Осы кездесуде Қазақстан негізінен Ақтау айлағында жинақталатын NDN контейнерлері үшін «логистикалық базаны» ұсынды», — делінген АҚШ елшісі Ричард Хоугландтың 2009 жылдың 24 шілдесіндегі депешасында.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл идея туралы контейнерлер Ақтау айлағында әлі көп көлемде жиналмайтын кезде, 2009 жылдың 30 наурызында айтқан болатын. АҚШ-тың Астанадағы елшілігі бұл мәселе бойынша Астанадағы өкілетті министрліктермен жұмыс істейді. Бұл нәтиже берсе, біз бұл нысанды база деп атамауға тиіспіз, өйткені бұл АҚШ-тың әскери персоналы бар деген әсер қалыптастырады», — делінген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің жеделхатында.

«Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Нұрлан Әбдіров Скотт әуе базасындағы АҚШ армиясының көліктік басқармасына сапары барысында қолбасшы генерал Дункан МакНаббқа Қазақстанның саяси басшылығы Қазақстан аумағы арқылы солтүстік үлестіру желісі шеңберінде коммерциялық негізде тасымалданатын әскери емес жүктердің үзіліссіз және кедергісіз қозғалғанын қалайтынын айтқан. Генерал МакНабб кептелістердің түзілуіне жол бермеу үшін контейнерлердің келуін көліктік басқарма реттесін деп ұсыныс жасады», — деп хабарлайды елші.

«Н. Әбдіров Құрама Штаттардың Ауғанстандағы американ әскерлері үшін Қазақстаннан сатып алуларының статусы туралы сұрады. Ол бұл мәселені саяси және экономикалық деп атады. Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары АҚШ-тың Қазақстаннан тауар сатып алу ниеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның NDN-ге қатысуын қолдауға әсер еткен жағдайлардың бірі екенін жеткізді. Генерал МакНабб АҚШ әскерлерінің орталық командованиесінің (USCENTCOM) бастығы генерал Дэвид Петреус жақында NDN әріптес-мемлекеттерде жергілікті азық-түлік өнімдерін сатып алуды мақұлдайтыны туралы құжатқа қол қойғанын хабарлады. Бұған қоса, АҚШ армиясының логистика бойынша басшыларының бірі тауарларды Қазақстаннан, басқа да орталықазиялық және кавказ республикаларынан сатып алуға рұқсат беретін қағазға қол қойған. Бізге тек егжей-тегжей пысықтау ғана қалды», — делінген хабарламада.

«Әбдіровтың жауапқа қанағаттанғаны анық болды. Ол генерал МакНаббқа ақпарат үшін алғыс айтып, келесі қадам жергілікті жерде сатып алу жасау тетігін жолға қою болатынын жеткізді. Ол Қазақстан үкіметі АҚШ талаптарына жауап беретін және азық-түлік өнімдерін жеткізе алатын қазақстандық жеткізушілерді іріктеуді реттейтінін айтты. Азық-түліктердің тізімі мен көлемі анықталған соң, келісімшарттарға қол қоюға болады. Әбдіров үлестірудің солтүстік желісі туралы келісім үкіметаралық болып табылатындықтан, Қазақстан үкіметі бұл процесті басқаруға тиіс деді. Генерал МакНабб әр тараптың бизнес жүргізудің өз амалдары бар екенін және АҚШ-тың қазақстандық стандарттар бойынша жұмыс істейтінін хабарлады», — делінген депешада.

«Кездесудің соңында Қазақстанның Вашингтондағы әскери атташесі полковник Меңдіғалиев сөз сұрады. Ол президент НазарбаевАҚШ-қа «Қазақстанда логистикалық базаны орналастыруды Өзбекстандағы көліктік проблемаларға байланысты Ақтау айлағында жиналып қалатын контейнерлерді сақтауға арналған уақытша аймақ ретінде» қарастыруды ұсынатынын айтты. Әбдіровтың қатты таң қалғаны анық болды, ол бұл ұсыныстан бейхабар екенін жеткізді. Назарбаев онымен бұл мәселені талқыламағанын айтып, полковник Меңдіғалиевпен жеке сөйлесу керектігін өтінді. Дегенмен, генерал МакНабб АҚШ Ақтауда кептелістерді болдырмау үшін де, уақытша сақтау аймағын құру үшін де көлік ағындарын реттеуге келісетінін хабарлады», — делінген депешада.

Сол күні жоспардан тыс кездесуде Әбдіров Қазақстандағы сатып алулар бойынша құжатқа қанағаттанатынын білдіріп, бұл «саяси және экономикалық дивиденділер» алып келетінін атап көрсетті. Ол Қазақстан үкіметіне құжат туралы егжей-тегжей баяндайтын дипломатиялық нотамен хабарлауды және сатып алулардың Қазақстанда жүзеге асырыла бастайтын мерзімін нақтылауды сұрады. Генерал МакНабб әскери логистика агенттігіне адмирал Томпсонға өзі телефон соғатынын, АҚШ үкіметі жергілікті сатып алулардың маңыздылығын жоғарғы деңгейде де түсініп отырғанын айтып сендірді.

Әбдіров, сондай-ақ, процесті бастау үшін сарапшылар тобының сапарына қуанатынын жеткізді. Полковник Меңдіғалиевпен және өзіне телефон соққандармен әңгімеден кейін Әбдіров АҚШ-тан Қазақстанның NDN үшін логистикалық база құру туралы ұсынысына дипломатиялық нотамен жауап беруді сұраған болу керек. АҚШ оң жауап беретінін болжаған ол АҚШ елшілігінің Астанадағы әскери атташесі Қазақстанның қорғаныс және сыртқы істер министрліктерімен жағдайды егжей-тегжей талқыласын деп ұсынды.

Елшіліктің ескертпесі: егер бұл ұсыныс жүзеге асса, Әбдіров пен Меңдіғалиев «логистикалық база» деген терминді қолданғанымен, басқалары АҚШ ол жерде өз әскерилерін орналастырып жатыр деп түсінбес үшін «логистикалық объект» немесе «контейнерлер қоймасы» деген терминдерді пайдаланғанымыз дұрыс.

Сонымен қатар, әскери атташенің қауіпсіздік кеңесі бас хатшысының орынбасары бейхабар болған саяси ұсынысты соның көзінше жасағаны қатты таң қалдырады. 2009 жылдың 30 наурызында тараптар Ауғанстандағы жағдайды ұзақ уақыт талқылағанда Назарбаевтың қысқаша еске алғаны осы. Ол кезде Назарбаев еш күмәнданбай, былай деген еді: «Біз сіздер үшін, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мүдделері үшін өте пайдалы болуымыз мүмкін. Біз Ауғанстан бойынша логистикалық қолдау базасы бола аламыз». Осыдан кейін президенттің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қайрат Сарыбай президенттің айтқанын былай түсінгенін жеткізді, ол Қазақстанның «Ауғанстандағы коалиция әскерлері үшін қажет жеткізілімдердің көзі және оларды сақтау орны» болуды ұсынды.

Сондай-ақ, Әбдіровтың азық-түліктердің Қазақстанда сатып алынатыны «саяси дивиденділер» әкеледі деген сөзін атап өту керек. Біз Қазақстанның сұрағанын жасағанда, көбінесе өз өтініштерімізге оң жауап аламыз. Мұндағы жұмыс осылай жүргізіледі…

Соңғы жаңалықтар