WikiLeaks: Қазақстанның СІМ Иранға уран сатылғаны туралы ақпараттың сыртқа тарауына бір елдің қатысы бар деп күдіктенген - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+28 °C
Алматы
2024 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
WikiLeaks: Қазақстанның СІМ Иранға уран сатылғаны туралы ақпараттың сыртқа тарауына бір елдің қатысы бар деп күдіктенген

WikiLeaks: Қазақстанның СІМ Иранға уран сатылғаны туралы ақпараттың сыртқа тарауына бір елдің қатысы бар деп күдіктенген

Қазақстан үкіметі Қазақстанның Иранға уран сатқаны туралы ақпаратты бір тәуліктің ішінде мұқият тексеріп шықты. Елдің СІМ бұл ақпараттың сыртқа тарауына бір елдің қатысы бар күдіктенген, делінген ҚазТАГ-тың редакциясы танысып шыққан АҚШ елшілігінің депешасында.

  • 30 Мамыр 2011
  • 890
Фото - Caravan.kz

АҚШ-тың Венадағы өкілдігінің 2009 жылдың 29 желтоқсанындағы электрондық сұранымында «Associated Press (AP) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке сілтеме жасап, Иранның «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның еншілес компаниясынан көп көлемде уран концентратын сатып алу туралы келіссөздерді аяқтап қалғаны туралы баяндаманы жариялауды жоспарлап отырғаны айтылған. Мемлекеттік департамент бұл мәселені Астанада ең жоғарғы деңгейде көтеру үшін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісіне нұсқаулар берді.

29 желтоқсанда елші Қазақстанның мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісімен кездесті. Елші Қ. Саудабаевқа АР-ның жарияланбаған ақпаратын табыс етіп: «Егер бұл шындық болса, бұл үлкен мәселеге айналады, бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №1737 санкциясын және Қазақстан мүше болып табылатын ядролық материалдар жеткізушілер тобының қағидаттарын бұзу болып табылады және Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарға айтарлықтая зиянын тигізеді» деді.

АҚШ елшісі Қ. Саудабаевтан ақпараттық хабарламаға Қазақстан үкіметіндегі шенеуніктердің назарын аудартуды сұрады, делінген депешада.

«Менің бастапқы жауабым – жоқ, жоқ, жоқ. Бұл шындық болуы мүмкін емес. Маған хабарламаны толығымен беріңіз, біз бәрін мұқият тексереміз. Біз әрқашан таратпау режимін қолдап келдік. Маған дәйектердің бәрін беріңіз, біз толық тергеу жүргіземіз», — деп жауап берді Қ. Саудабаев.

Өз кезегінде СІМ басшысының орынбасары Қайрат Омаров «АР ақпараты жалған» екенін айтты. Ол егжей-тегжей мәліметтерді сұрап, АҚШ-тың Жапония үкіметінің жауабын алғаны-алмағанына қызығушылық танытты.

Бұл кездесуден кейін Қазақстан үкіметі тергеу жүргізіп, кейін жария және жеке түрде Иран мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның арасында уран концентратын – сары кекті сатып алу туралы келіссөздер жүргізілгені туралы болжамды жоққа шығарды.

31 желтоқсанда Қазақстан жағының өтініші бойынша өткен жедел кездесуде сыртқы істер министрінің орынбасары Қ. Омаров американдық елшіге ведомствоаралық тексеру келіссөздердің дәлелін, Ираннан қандай да бір ұсыныстар болғанын анықтамағанын хабарлады. Ол Қазақстан таратпау, қатаң экспорттық бақылау қағидасын жақтайтынын атап көрсетті. Ол тергеуге көмектесетін мәліметтер сұрап, АҚШ-тың қолдау білдіруін өтінді, делінген депешада.

Қ. Омаров Қазақстан үкіметінің мұндай айыптауларға алаңдаушылық білдіре қарайтынын және бірден әрекет еткенін атап көрсетті. Осыдан кейін ол АҚШ елшісіне СІМ-нің 30-шы желтоқсандағы баспасөз мәлімдемесін және үкіметтік тергеудің барысы туралы бейресми қағазды табыс етті. Қазақстан дипломаты АҚШ үкіметіне осы айыптауға қатысты ақпарат бергені үшін алғыс білдірді.

Сосын ол: «Уран жеткізу туралы ешқандай келіссөз жоқ. Біз барлық мәселелерді жедел түрде тексеріп шықтық, қосымша шаралар да қабылдап жатырмыз. Омаров келіссөздерді жүргізіп жатқан-мыс адамдардың есімдері жазылған құжаттар мен материалдарды тағы сұрады»,-деді.

Сонымен қатар, ол «Ираннан ешкімге ұсыныс түспегенін» айтты. «Әлеуетті делдалдарды тексеру барысында уран жеткізудің дәлелдері табылмаған». Қ. Омаров «Байкен-У» ЖШС-інің (жапониялық-қазақстандық БК — ҚазТАГ) 95%-ға жапониялықтардың меншігінде екенін хабарлады. Осының өзінде «Қазатомөнеркәсіпте» келіссөздер туралы ақпарат жоқ, деді дипломат.

Уранның сатылуы мүмкін емес екенін басып көрсету үшін вице-министр «Байкен-У»ЖШС-інің операциялары туралы егжей-тегжей ақпаратберіп, өңделмеген уран кенінің небәрі 70 тоннасы ғана бар екенін хабарлады. Ықтимал келіссөздер туралы ақпаратқа қарағанда, сары кектің көлемі Қазақстанда өндірілетін көлемнің үштен бірін құрайды. «Мұндай көп көлемді білдірмей тасымалдау – естен шыққандық», — деді ол.

Қ. Омаров АҚШ елшісіне уран темір жолмен тасымалданатынын және Каспий теңізіндегі қазақстандық айлақтар туралы бір де бір тасымал жасалмағанын хабарлады.

Қазақстанның экпорттық бақылаудың көп деңгейлі жүйесі кез-келген көлемдегі уранның тасымалын анықтайтын еді. Бұған қоса, «бір де бір қазақстандық компания Иранға уран шығаруға лицензияға өтініш бермеген, және біз ақырғы пайдалану сертификатынсыз ядролық емес елге ешқашан уран жеткізбейміз» деді.

«Бізде Вашингтонға үлкен сұрақтар туындады. Ақпарат (АР хабарламасы — ҚазТАГ) маңызды, өйткені Қазақстанның беделіне нұқсан келейін деп тұр. Егер сіздер бізді стратегиялық әріптес ретінде қарастырсаңыз, ақпаратпен бөлісуге міндеттісіз. Біз бірлесіп бір мақсат үшін қызмет етеміз. Мұндай мақаланың жариялануы және осындай ақпарат туралы айтқанның өзі сенімділік туралы сұрақтар тудырады», — деді ол.

Қазақстандық дипломат үкіметтің «АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Қазақстанға нақты қолдау білдірілмегеніне» өкініш білдірді. «Енді біз беделімізді қалпына келтіріп жатырмыз», — деді ол. Сондай-ақ, дипломат Қазақстан үкіметі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке қосымша ақпаратқа сұрау салғанын хабарлады. «МАГАТЭ өздерінде мұндай баяндаманың жоқ екенін хабарлады, демек, мұның бәрі берулердің жасағаны», — деді ол.

«Біз әріптес болғандықтан, мұндай әрекеттердің алдын алу үшін құрылымдық түрде әрекет етуге тиіспіз. Осының алдындағы тәжірибеміз бұл әдістің тиімділігін көрсетіп берді. Сіздер (АҚШ — ҚазТАГ) бізге «Сапфир» операциясы сияқты құпия жобалармен сенімдеріңізді білдірдіңіздер», — деп еске салды СІМ басшысының орынбасары.

АҚШ елшісі Қазақстанның министрлігі мен үкіметіне жедел әрекеттері үшін алғыс айтты. Ол «АҚШ үкіметі Қазақстанның үкіметін болжанған келіссөздерге қатысты деп айыптап отырған жоқ» деді.

Қ. Омаров елшімен екеуара әңгіме барысында Қазақстан келіссөздер туралы баяндаманы «үшінші ел қолдан жасап, өз мақсатын көздеп, Associated Press-ке «құйған» деп ойлайтынын жеткізді.

«Иранның Nur Afzar Gostar (NAG) компаниясының Қазақстаннан уран кенін сатып алу әрекеттері туралы ақпарат бергендеріңіз үшін рахмет», — делінген Қазақстан үкіметінің осы тергеу бойынша бейресми құжатында.

«Қазақстан ядролық материалдардың экспортын қатаң бақылайтыны туралы уәдесін орындайды және таратпаудың халықаралық режимін күшейту ниетін қуаттайды.

Қазақстанның экспорттық бақылау жүйесі уранды заңсыз жеткізу мүмкіндіктерін жоққа шығарады. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары мен жеке меншік компаниялары Иран Ислам Республикасына ешқашан уран кенін жеткізу туралы ресми келіссөздер жүргізген емес, жүргізіп жатқан да жоқ.

Сіздің сұранымыңызға сәйкес, үкімет сіздер көрсеткен компанияларды тексеріп, тазартылған уран кенін, соның ішінде сары кекті заңсыз жеткізу әрекетінің алдын алу үшін қосымша қадамдар жасады. Қазіргі уақытта уран кенінің ірі көлемінің заңсыз экспортын дәлелдейтін жағдайлар анықталған жоқ.

«Біз сізден Қазақстан аумағынан уран жеткізу туралы келіссөздерге қатысушы компаниялар мен тұлғалар туралы мәліметі бар материалдардың көшірмелерін сұраймыз», — деп жазылған Қазақстан билігінің АҚШ-қа сұранымында.

ҚазТАГ-тың анықтамасы. 2009 жылдың желтоқсан айының соңында Associated Pressақпарат агенттігі бір елдің дипломаттарының баяндамасынан үзінді жариялады. Ол үзіндіде Қазақстан Иранға 1350 тонна уран концентратын сатуды жоспарлап отырғаны туралы айтылған. Қазақстанның СІМ бұл айыптауларды бірден жоққа шығарды.

ҚазТАГ-тың 2010 жылдың қаңтар айындағы сұранымына МАГАТЭ ақпарат агенттігіне баяндаманың көшірмесін беруден бас тартты.