«Хабар» агенттігі мен Республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы бірлесіп,«XXI ғасыр көшбасшысы» мегажобасын қайта жаңғыртуға кірісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Телебәйге көктемнен бастап «Хабардың» эфирінен көрсетіледі, деп жазады Egemen.kz.
Интеллектуалдық тележоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің Мәжілісі тарапынан қолдау тапқан.
Қазірдің өзінде жүздеген дарынды оқушы жоба шақыруын қабылдап, қызықты интеллектуалдық ойынның қатысушысы атанды. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылдың қазан айында басталып 2025 жылдың наурызына дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады, ол осы жылдың сәуірінен маусым айына дейін өтеді.
Жас дарындардың білімдері мен қабілеттерін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазға еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады.
Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларынан республикалық турға қатысатын үздік бестіктер анықталды. Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында іріктеу кезеңдері қаңтар-ақпан айларында өтеді.