Grand Prix De Sar La Princesse Lalla Meryem — Марокконың Фес қаласында 2001 жылдан бері құмды төсемде өткізіліп келе жатқан халықаралық турнир. Оның сыйлық қоры — 220 мың АҚШ доллары. Ол Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) Африка құрлығындағы жалғыз турнир болып табылады. Жарыс Марокко патшасы Мұхаммед VI қарындасы Лалла Мерьем ханшайымның құрметіне аталған.
Я. Шведова жекелей сында кеше, сейсенбі күні Румыния теннисшісі Ирина-Камелия Бегумен ракетка айқастырған болатын. Бұл матчта қазақстандықтың кәсіби басымдығы айқын екендігі екі сетте көрінді. Есеп — 6:3, 6:2. Екінші айналымда Я. Шведова ресейлік теннисші қыз Анастасия Пивоваровамен кездеседі. Бірінші айналымда А. Пивоварова корт қожайыны мороккандық Фатима Захрае Эль Аллямиді жеңген болатын.
Бұл халықаралық турнирге тағы бір қазақстандық теннисші Галина Воскобоева ресейлік Динара Сафинамен бірге жұптық сындарда өнер көрсетіп жүр. Олар дүйсенбі күні Лига Декмелер (Латвия) / Джессика Мур (Австралия) жұбын 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктіріп, 4/1 финалға шыққандығын еске сала кетейік.