Жаңа жылдан бастап енгізілуі мүмкін жаңа заңнама халықтың қызу талқысына түсті. Қарапайым халықты ашындырған заң не дейді? Депутат неліктен банк қызметінен бас тартуды шешті? Халық неліктен жаппай қолма-қол ақшаға ауысуға бел буып отыр? Caravan.kz медиа порталы тақырыпты зерттеп көрді.
2025 жылдың қаңтарынан бастап мобильді аударым арқылы үш ай ішінде жүзден астам төлем түссе айыппұл салынуы мүмкін. Кірістер комитеті мобильді аударымдарды бақылау үшін жаңа тәртіп енгізбек. Ол үшін Ұлттық банк рұқсат беруі керек.
Банк шотына 100-астам адамнан аударым түскендерді салықтағылар тексеруі мүмкін. Үш ай бойы қосымшаға түскен ақшаның сомасы үш төменгі жалақыдан аспауы керек. Бұл — 255 мың теңге шамасында. Егер асып кетсе, салық органдары тексеруге кіріседі.
«Жеке тұлға егер салық хабарламасымен келіссе, салық есептік нысанын тапсыру арқылы ол 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын төлейді. Ал егер ол дара кәсіпкер ретінде тіркелсе, ол өздеріне белгіленген салық мөлшерін төлеуге міндеттеледі. Егер салық хабарламасымен келіспейтіндер болса, олар түсініктеме бере алады», — деді жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.
Салық органдарына мұндай адамдар тізімін екінші деңгейлі банктер беріп отырады. Заң бойынша кәсіпкерлік қызметпен тіркелмей айналысатындарға айыппұл қарастырылған. Ереже бұзғандар 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Қайталаған жағдайда ол еке еселенеді.
Бұл жаңалық халықтың ашуына тиді. Қазақстан азаматтары Үкімет айыппұл салуын қашан доғарады деп ашынды. Тіпті банк қызметтерінен жаппай бас тартып, қолма-қол ақшаға ауысуға да бел байлап отыр.
«Үкімет айыппұл салудан басқа ешнәрсе жасамайтын болды».
«Халықты енді расымен де ашындыратын болдыңдар бұл әрекеттеріңмен».
«Бір сорлы қайыршы үкімет екен айыппұл жетпегені сол енді банк шотымызды аңдыуға көшті».
«Бұрынғыдай қолма-қол ақшаға көшеміз, қызыл-жасыл әмияндарымызды шығарамыз».
«Өз маңдай терімізбен тапқан ақшаға неге айыппұл төлеу керек халық».
Екінші деңгейлі банк өкілдері ақталуға тырысты. Айтуларынша, бұл өзгеріс қазір Ұлттық банкте талқыланып жатыр.
«Пайдаланушыларды адастырмауларыңызды сұраймыз. Бұл талаптар мен шарттар барлық банктерге қатысты. Қазіргі уақытта заңнамаға енгізілетін түзетулер Ұлттық банкте талқыланып жатыр. Барлық шарттар олар қабылданғаннан кейін белгілі болады. Өнімдер мен сервистердегі өзгерістер, сондай-ақ басқа да жаңалықтар туралы біз әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарлаймыз», — делінген банктің берген ресми жауабында.
Бұл ретте мәжіліс депутаты 12 миллион тұтынушысы бар банк қосымшасынан бас тартуға шешім қабылдап, халыққа тиімсіз тұстарын тізіп шықты. Айтуынша, елімізде аты белгілі банк қосымшасымен студент кезінен қолданып келеді. Бірақ соңғы кезде дәл осы банк сараңдық танытуда.
«QR арқылы төлем жасағанда қайтаратын кэшбегі мардымсыз. Шамамен 0,25% болды. Оның өзі қазір жоқ болып кетті. Әрі жыл сайынғы қызметі деп 1995 теңге алады. Бұл банктің 12 миллион тұтынушысы бар. Енді әрі қарай есептей беріңіз. Одан бөлек 300 мыңнан артыұ шешсеңіз тағы пайыз ұстап қалады. Басқа банкке ақша аударсаң комиссиясы сұмдық. Ал ақшалай кредиті жайлы мүлде сөзім жоқ. Бұл банк таза монополист болып кеткендей. Білгенін істей бастады. Бұл банк қолдануда әрине ыңғайлы, бірақ ақшаны үнемдеу жағынан тиімсіз болып қалған. Жаңа жылда қай банкке ауысамыз?», — деп жазды Дәулет Мұқаев.
Қандай банк болмасын, халықтың ақшасы 10 миллион теңгеге дейінгі сома мемлекетпен (KDIF) қорғалған. Сондықтан ойланбай басқа банкке ауысуға болады. Депутат сөзінің соңында халыққа кеңес берді. Айуынша, жаңа жылда ақшаға барынша үнемді болу керек, себебі қымбатшылық әлі алда.