Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті

Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Іскер аймақ» бизнесті қолдауға арналған бірыңғай бағдарламасы қаралып, бекітілді.

  • 23 Желтоқсан
  • 7
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП және Бухгалтерлер одағының өкілдері баяндама жасады.

Бүгінде елімізде 2,2 млн-нан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді, сала бойынша 4 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған.

Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында тұрған мәселе екенін, өйткені ол халық табысының маңызды көзі саналатынын атап өтті.

«Қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы – орнықты экономикалық өсудің негізгі факторы. Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микробизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика министрлігі келтірген деректер бойынша, «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мен тамақ өнімдерін өндіруден бастап ағаш өңдеу мен қолөнер қызметіне дейінгі жедел әлеуметтік-экономикалық әсері бар технологиялық қарапайым және тез іске асырылатын жобаға баса назар аудара отырып, ең алдымен ауылдық жерлер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру үш бағыт бойынша: қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық шаралар қарастырылған.

Үкімет бизнес-қоғамдастықпен тығыз іс-қимыл жасай отырып, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жаңа салық саясатын қалыптастыруда. Отырыс барысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес жүргізу қағидаларын жетілдіріп, оның неғұрлым түсінікті әрі ашық болуын қамтамасыз етуге көңіл бөлінді. 

Атап айтқанда, негізгі маңызды өзгеріс – сервистік модельге көшу. Кәсіпкерді тіркелген сәтінен бастап, қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесі енгізілуде.

Салық органдарының алдында тұрған міндет – қателіктер үшін жазалау емес, керісінше қателеспеуге көмектесу. 

Салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, өз бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді.

Тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Микро және шағын бизнес үшін маңызды мәселе – 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады. Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылуда – ықтимал заң бұзушылықтар орын алған кездел алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі. Бұл бизнеске іс-әрекетін қаржылық шығындарсыз күні бұрын түзетуіне мүмкіндік береді.

Жаңа Бюджет кодексі шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімдерін әкімдіктердің иелігінде қалдыруды көздейді. Енді әкімдер әрбір кәсіпкердің табысқа жетуіне мүдделі болады, өйткені ол жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне тікелей ықпал етеді. Салық төлеуші «Цифрлық бюджет» арқылы аударым қаражатының өзі тұратын ауданды көркейтуге қалай әсер етіп жатқанын көре алады.

Жалпы, бюджеттің кіріс бөлігін жаңа салық-бюджет саясаты есебінен ұлғайту қосымша қаражатты қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағыттауға мүмкіндік береді.

«Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді оқыту мен оларға сервистік қолдау көрсетуді ұйымдастыруды тапсырамын.

«Іскер аймақ» бағдарламасын кәсіпкерлердің, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы бизнес-өкілдерінің сұраныстарына дер кезінде берілген жауап ретінде бағалауға болатыны атап өтілді. Осылайша, мемлекет жай ғана субсидия бөлу әдісінен, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеді. Негізгі мақсат – тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету.

«Іскер аймақ» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.

Бірінші. Қаржы министрлігі «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етсін. Бағдарламаны  жергілікті бюджеттер есебінен де  қоса қаржыландыру көзделуі қажет.

Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды бөлу үшін  аймақтардың ерекшелігін ескере отырып,  барынша қысқа мерзімде  басым салалардың тізбесін қалыптастырсын.

Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етіп,  өндірістік ғимараттарды жеңілдікпен жалға алуына  мүмкіндік жасаған жөн. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаудың  өңірлік бағдарламаларын әзірлеу  маңызды іс екені атап өтілді.

Мәселен, Алматы қаласында  кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында  биыл жергілікті бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға  25,5 млрд теңге бөлінді. Бұл  жалпы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмаған,  қала үшін неғұрлым басым бағыттардың дамуын ынталандыруға мүмкіндік берді.

Табысты мысалдардың бірі ретінде алада жылдық 6%-ға дейін  жеңілдікті несиелер беру арқылы шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту ісін  айтуға болады. Басқа да өңірлерде оң тәжірибе бар. Оны бүкіл еліміз бойынша  кеңінен тарату қажет.

Екінші. Өңдеуші сектордың  жалпы ішкі өнімдегі үлесін одан әрі ұлғайту үшін  кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып,  оларды жаңғырту жұмыстарын ынталандыру керек. Оны шағын және орта бизнес өндірістерін  қайта жабдықтау есебінен де  іске асырған жөн.

Өнеркәсіп министрлігіне  келесі жылдың қаңтар айынан бастап  өңдеу өнеркәсібінде өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін лизингтік қаржыландыруды іске қосуды тапсырамын.

Шағын және микробизнес  кепілдіксіз 300 млн теңгеге дейін  өз өндірістерін жаңғырту мүмкіндігіне ие болады. Өндірісті қайта жабдықтау кәсіпорындардың өнімділігін ұлғайтып,  бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Үшінші. Бизнесті  оңайлатылған декларация режимін қолданатын жеткізушілермен жұмыс кезінде шығыстарды шегеруге тыйым салу мәселесі алаңдатып отыр. Бұл – шамамен 400 мың  шағын және микробизнес өкілінің мүддесіне қатысты. Аталған санаттағы кәсіпкерлер өз кәсібінің болашағына алаңдамауы тиіс.

Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізіп,  тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы  оларды қолдап отыруы қажет. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп,  шағын бизнес  үшін  салық есептілігін автоматты түрде толтыруды  жедел қамтамасыз етсін.

Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп,  жалпыға бірдей белгіленген  салық салу режимінде жұмыс істейтін  шағын және орта бизнесті қолдаудың  қосымша салықтық емес шараларын әзірлесін.

Тиімді тетіктердің бірі  «Өрлеу» бағдарламасы аясында  қаржыландыру критерийлерін кеңейту.

Төртінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  салықтық әкімшілендіру «Таза парақтан» жүргізіледі. Бұл шаралар  барлық микро- және шағын бизнес субъектілеріне  оң әсерін тигізеді.

Нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды және ақпараттық жүйелердің дайындығын қамтамасыз ете отырып,  бүкіл ұйымдастыру шараларын  жедел түрде жүргізу тапсырылды.

Бесінші. Бағдарламаның мақсаты – негізінен шағын және моно қалалардағы  және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау. Шағын бизнеске  айналым қаражатын толықтырып,  борыш жүктемесін азайту мүмкіндігі беріледі.

Банктік несие бойынша  номиналды мөлшерлеменің  шамамен 9%-ын субсидиялау көзделген: Екінші деңгейлі банктердің ағымдағы номиналды мөлшерлемесі – 22%, субсидияланатыны – 8,8%.

Қорыта айтқанда, бірыңғай бағдарламаның жаңалықтары мен ережелерін  бизнес субъектілеріне қарапайым тілмен түсіндіріп,  тиісті әдістемелік ұсынымдарды шығару керек. Оларды бұқаралық ақпарат құралдарында  және әлеуметтік медиада кеңінен таратқан жөн.

Бухгалтерлер одағы  бизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын іске қосу жөнінде  игі бастама көтерді. Мемлекеттік органдарға  бұл процесті толық қолдап,  жәрдем көрсетуі тиіс.

Жұмыс барлық жерде, тіпті ауыл-аймақтарға дейін жүргізілуі тиіс. Бухгалтерлер одағы, салалық қауымдастықтар мен ұйымдар  мемлекеттік кірістер органдары мен әкімдіктердің қажетті инфрақұрылымын пайдалана алады.

Қаржы министрлігі  әсіресе, мемлекеттік кірістер органдары  жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертуі керек екеніне назар аударылды. Бұзушылықтардың профилактикасы мен алдын ала ескертуге  баса назар аудару керек.

Фискалдық органдар салық төлеушілер үшін серіктеске айналуы қажет.

Бизнес үшін  салық төлеуден жалтарғаннан гөрі,  таза жұмыс істеп,  оны төлеу тиімді болатындай жағдай жасалуы қажет. Бұл бағытта  кешенді әрі үйлесімді жұмыс жүргізілуі тиіс.

Үкімет әрі қарай да цифрлық платформаларды дамытып,  әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді,  инклюзивтілікті қолдап,  орнықты өсу үшін  шағын бизнесті қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

Үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Перейти к новостям спорта