Ең жағымсыз жаңалықтардың бірі ол қосылған құн салығын арттыру мәселесі. Қаржы мамандары бұш шешімді дұрыс деп санаса, қоғам белсенділері халықтың жағдайына алаңдаулы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Прьемер-министр ҚҚС мөлшерін көтеру керектігін кесіп айтты. Ал Вице-прьемер Серік Жұманғарин ҚҚС бойынша есепке қою үшін шекті 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Яғни ҚҚС айналымы 15 млн-нан асатын кәсіпкерлерден жинау деген сөз.
Қаржы сарапшылары бұл қадам Қазақстанның экономикасына оң серпін береді деп есептейді. Егер осы қалпымызда қала берсек, Греция сияқты бюджеттік кризиске шалдығуымыз мүмкін.
«Артынан инвестициялар кетіп, өндірістер жабылады да, жаппай жұмыссыздық орын алады. Неге? Түрлі салықтық режимдер, басқа да жеңілдіктер аясында бюджетке салық жиналмайтын болған. Былтыр жиналғаны 12,3 триллион теңге. Оның ішінде қосымша құн салығы мүлде жұмыс істемеді. Ал дәл осы кезде бюджет шығындары 26 триллион теңгені құраған. Басым бөлігі әлеуметтік шығындар. Егер оған тиісіп, қысқартатын болсақ, онда зейнетақы, шәкіртақы, бюджет қызметкерлерінің жалақысын кесу қажет деген сөз. Сондықтан шығындарды кеспей, кірістерді арттыру моделі дұрыс деп танылды», — дейді Айбар Олжаев.
Әрине, бұл нақты параметрлер емес, Парламент қабырғасы мен кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер барысында осының компромисті шешімі қабылданатыны анық. Біраз саудаласудан кейін НДС 18 пайызға, іліну шегі 30 миллион теңге шамасында бекітілуі де мүмкін. Бұл бюджетке қосымша 6-7 триллион теңге әкеледі. Өтемақы ретінде ОПВР мен әлеуметтік салықты алып тастау идеясы көтерілді. Демек, жалақы алып жүргендердің айлығы өседі.
Халық үшін не өзгереді?
Тауарлардың бағасы НДС-тің өсуіне пропорционалды қымбаттайды. НДС-тен кәсіпкерлер көп зардап шекпейді, себебі олар айырмашылықты бағаға қоса салады. Жалақы алатын халықтың айлығы ОПВР мен әлеуметтік салықтың жойылуы есебінен өседі. Бұл айлық төлеп отырған кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі еңбек ақы төлеу қорына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызды құрап келді.
«Шыны керек, қатаң салық режимінде халық болып 1-2 жыл қиналамыз. Біз қиналып жатқанда мемлекеттік қаржы, бюджет жүйесі оңалып, өзін реттеп алады. Одан кейін, егер осы реформаларды ойдағыдай іске асырып алсақ, өмір сүру жеңіл болмақ. Басқа жол жоқ», — деді сарапшы.
Мәжілісмендердің ойынша, аталмыш шара орта және шағын бизнесіне екі ауыр соққы жасайды. Бірінші соққы кәсіпкерді нокдаунға жіберсе, екіншісі нокаутқа сөзсіз түсіреді дейді олар. Себебі енді Қазақстанның ең кіші дейтін азық-түлік дүкендерінен бастап осы салықты төлеуге мәжбүр болады. Егер оның пайыздық мөлшерін 12%-дан 20%-ға көтерсе қымбатшылық өз шегіне жетеді. Себебі кәсіпкер бүкіл шығынын тауар бағасына қосады да, ал қарапайым халықтың қалтасы тағы қағылады.