Әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналду 20 сағат бұрын YouTube каналын ашты. Спортшы қысқа ғана уақытта 16 миллионнан астам оқырман жинап, рекорд орнатты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Спортшы әлеуметтік желідегі соңғы шыққан видеосында алтын батырманы көрсетті. Футболшы балаларына оны алғашқы миллион оқырман жинағаны үшін алғанын айтты.
«UR Cristiano» атауымен ашылған каналға 19 видео салынған. Олардың ортақ қаралым саны 40 миллионға жеткен. Роликтердің бірінде ол әртүрлі спорт түрлері мен жұлдыздардың бірін таңдайды. Сондай-ақ, әйелі Джорджина Родригеспен трендтегі ерлі-зайыптылар бір-бірін қаншалықты жақсы білетіндігі туралы видеосын бөлісті.
Әзірге ең көп қаралғаны – Криштианудың әйелі Джорджина Родригеспен түскен видеосы. Қазіргі уақытта қаралым саны 11 млн-нан асып тұр.
«Мен бұл жобаның өмірге келгеніне өте қуаныштымын. Бұл туралы көптен бері ойлап жүрдім, бірақ бізде ақыры оны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Мен әрқашан әлеуметтік желідегі жанкүйерлермен осындай берік қарым-қатынаста болғанды ұнататынмын және менің YouTube арнам маған мұны істеу үшін тағы бір тамаша мүмкіндік сыйлады. Олар мен жайлы және менің отбасым туралы, сонымен қатар өмірдің түрлі сәттеріндегі көзқарасым туралы көбірек білетін болады. Көпшілікті таңғалдыратын қонақтармен сұхбаттасатын сәтті асыға күтемін», — деді Роналду.
Еске салсақ, танымал ESPN спорт басылымы ХХІ ғасырдың үздік футболшыларының рейтингін жариялаған еді. ESPN жариялаған рейтингте Аргентина құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Лионель Месси көш бастады. Ал екінші орынға «Әл-Наср» клубының ойыншысы Криштиану Роналду жайғасса, ал «Барселона» мен «Арсеналдың» бұрынғы шабуылшысы Тьерри Анри үштікті түйіндеді.